Су тасқыны кезеңіне дайындық пысықталды

Су тасқыны кезеңіне дайындық пысықталды


Өңір басшысы Асхат Шахаров су тасқынына қарсы штаб отырысында ТЖ департаментінің басшыларымен, қала және аудан әкімдерімен, әскери және құқық қорғау ведомстволарымен бірге облыстағы елді мекендерде су басу қаупін болдырмау мақсатында атқарылып жатқан шараларды талқылады.
 

Қазгидромет мәліметінше, облыстың оңтүстігінде 24-25 наурызда ауа температурасының 10-15 градусқа дейін күрт жылынуы күтілуде. Сонымен қатар, өңірде 23 және 25 наурызда синоптиктердің болжамы бойынша жаңбыр жауып, арты қарға ұласуы мүмкін. Жауын-шашын мен ауа температурасының жоғарылауы қардың күрт еруіне әкелетіні сөзсіз. 

Ақтөбе облысы ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісовтың айтуынша, алдағы су тасқыны кезеңіне күштер мен құралдардың дайындығы тексерілген. Әйтеке би, Алға, Байғанин, Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда және Хромтау аудандарының су тасқыны қаупі бар учаскелері зерттелді. ТЖД жеке құрамының 41 адамы, 10 техникасы, 2 жүзу құралы және 8 мотопомпадан тұратын шұғыл ден қою жасағы әзір. 

Республикалық, облыстық маңызы бар автожолдарда, сондай-ақ темір жолдарда су өткізу құбырлары мен көпірлерді тазалау жұмыстары аяқталды. Барлығы 2 266 су өткізгіш құбыр, 688 көпір тазартылды. Облыстың елді мекендерінен 543 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қар жамылғысының биіктігі Мәртөк ауданының Родниковка ауылында ең жоғары - 92 см, Ақтөбе қаласында - 28 см. Космомониторинг суреттеріне сәйкес Ақтөбе облысының аумағының 67%-ы қармен жабылған.

«Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» республикалық маңызы бар автожолының 194, 232, 288 шақырымында еріген қар суының жол төсемі үстінен ағуының 3 фактісі тіркелді. Бұл мәселені шешу үшін жол деңгейін көтеру және қосымша су өткізгіш құбырларды орнату жұмыстарын жүргізу қажет.

Бұдан басқа, «Қарауылкелді-Алтай батыр-Миялы» жергілікті маңызы бар автожолының 62 шақырымында су өткізу құрылғысының шайылу фактісі де тіркелді. Нәтижесінде, Байғанин ауданының орталығымен Оймауыт, Дияр және Миялы елді мекендерінің жол қатынасы уақытша тоқтады. Бүгінгі таңда жағдай тұрақталды. Дегенмен, бұл фактілер қалпына келтіру жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмейтіндігін көрсетіп отыр. Жолдың осы учаскесінде шайылу фактісін болдырмау мақсатында су өткізу қабілетін ұлғайтып, еңістерді күшейтуді көздеу қажет», - деді Нұрғали Жүнісов.

Облыс әкімі Асхат Шахаров аудан әкімдеріне жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Мерекелік демалыстарға қарамастан, аудан әкімдеріне босаңсуға болмайды.

«Ауа-райы қандай боларын біз білмейміз. Сондықтан барлық жедел әрекет ету қызметтері су тасқынына дайын болуы керек. Ағымдағы және алдыңғы су тасқыны кезеңдерін ескере отырып, проблемалық учаскелерді жою бойынша қолданыстағы шараларды қабылдау қажет. ТЖ департаменті техниканың бар-жоғын тағы бір рет тексеріп, барлық күштер мен құралдарды жұмылдырсын. Су объектілеріндегі су деңгейін үнемі бақылап, оны қауіпсіз түрде жіберуді ұйымдастыру қажет. Су тасқыны кезінде электр желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, қалада арықтар мен нөсер кәріздерінде мұз қатып тұр, барлығын тазалап, келген судың өз жолымен ағып кетуіне жағдай жасау қажет. Бірқатар көшелерде судың жиналуы орын алуда. Осыған орай, қажетті техникалардың санын көбейтіп, уақытында соруды ұйымдастыру қажет. Аудан әкімдері ауылдарда және автожолдарда су басу қаупін қадағалауы тиіс. Әр ауданда тұрғындарды орналастыратын эвакуация пунктері қажеттілігіне қарай дайындалуы керек.  Су басқан жағдайда, қосымша әскери бөлімдердің 185 бірлік техникасы және жеке құрамның үш мыңнан астам адамы тартылады. Өңірдегі су тасқыны кезеңіне күштер мен құралдарды дайындау пысықталды. Синоптиктердің болжамы бойынша  су тасқыны наурыздың аяғы мен сәуірдің басында болуы мүмкін. Барлық қызметтердің іс-қимылын үйлестіріп, жағдайды бақылауда ұстау қажет», - деп облыс әкімі тапсырма берді. 

Көктемгі су тасқыны кезеңінде жедел шаралар қабылдау мақсатында облыстық су тасқынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істейді.