
Қоғамдық кеңес мүшелері жүргізген мониторинг нәтижелері аймақ басшысы Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен отырыста көтерілді.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Тәттігүл Талаева балаларға қарау ережелері, тамақтандыруды ұйымдастыру және оқу-тәрбие жұмысының мазмұны тексерілгенін алға тартты. Мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін жеке балабақшаларға ерекше назар аударылды. Барлығы 216 мектепке дейінгі мекеме мониторингтен өткен. Тексеру барысында қоғам белсенділері балалардың тамақтану сапасына, олардың топтық жұмыс үшін тиісті жағдай жасалмауына, мектепке дейінгі мекемелердің аулаларында ойын алаңының болмауына және т.б. шағымданды.
Қоғамдық кеңес мүшелері облыстық білім басқармасының басшылығына мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін барлық мектепке дейінгі мекемелерді сапалы қызмет көрсету тұрғысынан тексеру, сондай-ақ жеке балабақшалардың кадрлық құрамын тексеру жөнінде ұсыныстар жасады. Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтар облыстық прокурорға хат жолданды.
«Қоғамдық кеңес мүшелеріне барлық балабақшаларды тексеру туралы ұсыныспен жүгіндім, енді мониторинг қорытындысы бойынша бұл бекер емес екенін көріп отырмын. Мемлекеттік тапсырыс аясында жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға бюджеттен балаларды субсидиялауға 26 миллиард теңге бөлінеді. Әрбір мекемемен жасалған шарттарды қайта қарау керек. Баланы балабақшаға беру кезінде ата-аналар ол үшін сенімді болып, ал балалар жайлы және қауіпсіз жерде тәрбиеленуі керек. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін кәсіпкер алдымен осы қаражатты сапалы жұмсауды, содан кейін ғана пайданы есептеуі керек. Шындығында, кәсіп иелері балаларға тиісті жағдай жасамай, тек ақша табуды ойлап отыр. Облыс прокурорымен бірлесіп, бұл мәселені соңына дейін жеткіземіз», - деген облыс әкімі мониторинг қорытындысы бойынша білім басқармасы және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің басшылығына мектепке дейінгі мекемелерде тұрақты тексерулер жүргізуді міндеттеді.
Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібінде облыс жолдарының жай-күйі мен күтімі және олар бойынша қозғалыс қауіпсіздігі мәселелері қаралды.
Асхат Шахаров биыл жолдарды жөндеуге 26 млрд. теңге бағытталатынын жеткізді. Бүгінде облыс жолдарының 75%-ы нормативтік жағдайда. 2024 жылы 480 шақырым жолды ретке келтіру жоспарлануда.
«Ақтөбе – Ұлғайсын» және «Қандыағаш – Шалқар» автожолдарында ірі жобаларды іске асыру жалғасады. «Алтын Орда» шағын ауданында биыл Сәңкібай батыр даңғылынан бастап Мәңгілік Ел көшесіне шығатын төрт жолақты жүріс бөлігін салуға кірісеміз. Жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырған басқа да жолдар бар», - деді облыс әкімі.
Жол тақырыбын талқылау барысында қоғамдық кеңес мүшелері ақпан айындағы қарлы боранда Әйтекеби және Хромтау аудандарында болғанын айтып, сол кездегі «Самара-Шымкент» республикалық тас жолының жағдайын сөз етті.
«Ақжар ауылындағы жол пайдалану бөлімшесі апатты жағдайда, техникаға арналған бокстар қираған, ал мұндай жол учаскесіне 30-40 тонна инертті материал жеткіліксіз. Техниканың жетіспеушілігі, құм мен тұздың жеткілікті мөлшерінің болмауы «Самара-Шымкент» автожолында халықаралық қозғалыстың тұралауына алып келді. «ҚазАвтоЖол» және «Қазақавтожол» жауапты ұйымдарының автожолдардың қысқы уақытқа дайын еместігі экономикалық шығын алып келіп қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының салдарынан адам өмірінің қиылуына әкелді», - деп қорытындылады Сағынғазы Құрманалин.
Әйтеке би ауданының «Комсомол» шаруа қожалығының басшысы Виталий Волынецте кеңеске шақырылып, ТЖ қызметі көбінесе трассалардағы көлік қозғалысын негізсіз жауып тастайтынын айтты.
Өңір басшысы қазір трассалардағы қозғалысты жабу туралы шешімді облыс әкімі, полиция департаментінің бастығы және ТЖ департаменті мен Қазгидромет басшылығы алқалы түрде қабылдайтынын атап өтті. Бұл мәселе ТЖ министрлігімен бірлесіп келісілген.
Қоғамдық кеңес отырысының соңында облыс әкімі Асхат Шахаров полицияның жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі жұмысын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, нормативке сәйкес, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе филиалының арнайы техника автопаркін нығайту қажеттілігі туралы мәселе көтерілетін болады.