Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті

Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті

 Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысын өткізді.

 Жиынға Полиция және төтенше жағдайлар департаменті, «Қазгидромет» мекемесі мен облыстық басқармалардың басшылары қатысты. 12 аудан әкімі бейнеконференция режімінде қосылды. Өңір басшысы олардың көктемгі су тасқынына қарсы атқарылған шаралар бойынша есептерін тыңдады. 

 Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов, 1 наурыздан бастап барлық жеке құрам жоғары дайындық режиміне ауыстырылғанын мәлімдеді. Өйткені, «Қазгидрометтің» деректеріне сәйкес, 2024 жылғы 9-10 наурызла күндізгі ауа температурасы көтеріліп, сондай-ақ, Ырғыз, Мұғалжар және Шалқар аудандарында далалық қар қарқынды еруі мүмкін. Елді мекендерді, жолдарды су басу қаупі бар.

Облыстың барлық өзенінде мұз қатуы сақталуда. Дегенмен, балықшылар, өзен-көлдің маңайында тұратын тұрғындар сақтық шараларын ескеруі қажет. 

 Айтып өту керек, наурыздың 11-12 күндері де қарлы боран күтілуде. 

«Күні кеше республикалық маңызы бар «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» (Шалқар ауданы) автожолының 194 шақырымында еріген сулардың пайда болуы себебінен жолдың төмендетілген учаскесін су басты.  Аталған учаскеде су өткізу құбыры жоқ. Бұдан өзге, облыстың су тасқыны қаупі бар учаскелерін зерделеу барысында республикалық маңызы бар «Қарабұтақ-Комсомол-Қостанай» автожолының 27-шақырымындағы көпірді жөндеу, сондай-ақ, 87-шақырымындағы су өткізу құбырын орнату қажеттілігі анықталды»,- деді ТЖД басшысы Нұрғали Жүнісов. 

 

Аймақ басшысы Ақтөбе қ, Ырғыз, Әйтеке би, Қобда және Темір аудандарының әкімдеріне басқарма басшылары, ТЖД-мен бірлесе, өз аумақтарындағы өзендерде мұз жару жұмыстарын жеделдетуді,  облыстық маңызы бар жолдардағы көпірлер мен су өткізу құбырларын тазарту, қар шығару жұмыстарын тоқтатпауды тапсырды. 

«Берген есептеріңіз бен әр айтқан сөздеріңіз істеріңізбен сай болсын. Алдымызда мерекелер, бірақ, мереке-мереке деп, су тасқыны өтіп кетеді деген түсінік болмауы тиіс.  Күштік құрылымдар, шұғыл ден қою жасағы құрылды. Десек те, босаңсымай, сақтық шараларына лайықты деңгейде назар аудару қажет»,- деп атап өтті Асхат Шахаров. 

aqtobe_oblysy_akimdigi