Еңбек ардагерлері алғысқа бөленді

Еңбек ардагерлері алғысқа бөленді

 

Алғыс айту күні аясында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров еңбек ардагерлерін мерекемен құттықтады. 

Өңір басшысы алдымен Құршасай ауылының тұрғыны Қоныс Есібековтің үйіне барды. Асхат Шахаров ардагердің парасаты мен мол тәжірибесін, полицейлер әулетінің жетістігін кейінгі ұрпаққа, жас тәртіп сақшыларына насихаттау жұмыстары үнемі дәріптелетінін жеткізді. 

«Ішкі істер органдарында көп жыл бойы қызмет еттіңіз. Балаларыңыз, келіндеріңіз де осы салада екен.  Әулетте ұрпақтар сабақтастығының сақталғанына қуаныштымын. Жалғасын таба берсін деген тілегім бар. Сіз – бәйтерексіз, тамыры тереңге жайылып, жапырағы жайқала берсін. Өзіңізге осынау мерекеде алғыс білдіремін. Ең бастысы денсаулығыңыз мықты болсын», - деп тілегін айтқан аймақ басшысы ардагерге Алғыс хат табыстады. 

Қоныс Есібеков 1985-2005 жылдары аралығында ішкі істер органдарында қызмет атқарып, Қобда ауданы Ақырап полиция бөлімінің бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шыққан, отставкадағы полиция майоры. Ардагердің артынан ерген екі ұлы, екі келіні де осы ішкі істер органдарында жұмыс істейді. 

Содан соң, облыс әкімі коммуналдық салада 40 жылдай қызмет еткен Нұрлан Илтаевты да мерекемен құттықтады. Ілтипатын білдіріп, ұзақ жылғы еңбегі үшін алғыс айтып, оған зор денсаулық тіледі. Еңбек ардагерінің қызы да әкесінің жолын қуып, «Аqtobe su-energy group» мекемесінің дамуына үлесін қосыпты.  Асхат Шахаров зейнеткермен коммуналдық саланың жай-күйі, бүгінгі беталысы туралы пікір алмасты. Ардагер үйіне келген меймандарға ақ батасын берді.