
Ақтөбе облысы әкімдігінде жаңа кадрлық өзгерістер жалғасуда. Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров жаңа орынбасарын және қайта құрылған Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысын тағайындады.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Асылбек Есенбаев төтенше жағдайдың алдын алу және жою, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік жүйесі инфрақұрылымын дамыту және т.б. мәселелерге жауапты. Асхат Шахаров әріптестеріне өзінің жаңа орынбасарын таныстыра отырып, оған бірқатар маңызды міндет жүктеді.
«Қазір нақты іспен айналысатын уақыт. Әріптесімізді әрбір басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері атқарылып жатқан жұмыстармен, жоспарлармен таныстырып шығуы тиіс. Бірден іске кірісу керек. Халық нәтижеге қарап, баға береді. Мен тағайындалған сәттен бастап, мұны айтып келемін. Нәтиже болмаса, тиісті шаралар қабылданады», - деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақ басшысының жаңа орынбасары – Ақтөбе облысының тумасы. Еңбек жолын 2001 жылы «Қазақстанның даму институты» ЖШС ғылыми қызметкері болып бастаған ол бүгінгі күнге дейін бірқатар лауазымды қызметті атқарды.
«Туған жерде қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Алдымызда тұрған Президент тапсырмаларын уақытылы орындап, шешу үшін барлық күш-жігерімді, білімімді саламын. Ақтөбе облысының өркендеуіне, дамуына сүбелі үлес қосатын боламын», - деді Асылбек Есенбаев.
Сондай-ақ, бүгін Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы болып Мирхан Ермағанбетов тағайындалды.
Облыс әкімі 2021 жылы жұмысын тоқтатқан басқарманы қайта құру ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды қолдау туралы тапсырмасы аясында жүзеге асқанын айтып өтті.
Асхат Шахаров басқарма жастардың жан-жақты дамуына, бастамашыл және бәсекеге қабілетті болуы үшін олардың білім деңгейі мен сана-сезімін арттыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Бұл мемлекеттік орган облыс халқының 28 пайызын құрайтын, яғни 267 мың жастың әлеуметтік және тұлғалық дамуына, жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі және жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсетеді.