
Шалқар ауданының Шалқар қаласында құрылысы 6 жыл бұрын басталған 320 орындық мектеп халық игілігіне берілді.
Бұл жаңа нысанда соған жақын орналасқан №5 мектеп-лицей оқушылары оқиды. Олардың бұрын оқыған мектебінде де білім беру процесі үзілмейді.
Екі мектепте барлығы 1-11 класс аралығында оқитын 910 бала, мектепке дейінгі ұйымдағы 70-ке жуық тәрбиеленуші білім алуда. Осылайша, жаңа ғимараттың салынуы аудандағы үшауысымдылық мәселесін толықтай жоюға мүмкіндік берді. Айтып өту керек, ескі мектептің іргетасы 1907 жылы қаланған.
Жаңа білім ордасының жұмысымен құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім басқармаларының өкілдері, Шалқар ауданының басшылығы танысты. Ата-аналар, оқушылар және мектеп ұжымымен жүздесті.
Ауданы 5,3 мың шаршы метрді құрайтын жаңа оқу орнында 35 кабинет бар, оның 10-ы – бастауыш кластарға берілген. Спорт залы, асхана, медициналық кабинет, химия, биология, информатика, физика кабинеттері жабдықталған.
Еске салайық, бастапқыда құрылыс жобасын бір жылда аяқтауды жоспарлаған алғашқы мердігер міндеттерін толық орындамағандықтан, сот шешімімен жұмысы тоқтатылған болатын. 2023 жылдың қазан айында бұл мектептің құрылыс барысымен облыс әкімі Асхат Шахаров танысып, жауапты лауазым иелеріне оқу ордасын жаңа жылда қолданысқа беруді, жұмыстарды сапалы әрі тиянақты орындауды тапсырған еді. Облыстық әкімдік пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бірлескен жұмысының нәтижесінде, аталған жобаға бөлінген қаржы қайта қаралып, «ГрадСтройСервис» ЖШС құрылыс жұмыстарын аяқтады.