Буллинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Буллинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиын барысында қаралған тағы бір маңызды мәселе - буллинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу болды.

Жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыстардың жалпы санының өсуі байқалады. Қорқыту, ақша жинау фактілері және баланың құқықтарын бұзатын басқа да әрекеттер, оның ішінде буллинг тіркелгендігін полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов сөз етті. Оның айтуынша, қылмыс жасаған кәмелетке толмағандардың көпшілігінде бос уақыттары дұрыс ұйымдастырылмаған. 

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің саны 2023 жылдың басынан бері төмендеді, яғни 10 айда 17 дерек тіркелді. Негізінен жасөспірімдерді мұндай қадамға итермелейтін басты себеп - жақындарымен болатын жанжал. 

Балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқының алдын алу мақсатында полиция, білім беру ұйымдары және өзге де уәкілетті органдар ата-аналарды тарта отырып, ақпараттық-түсіндіру, профилактикалық жұмыстарды үнемі жүргізеді. Сонымен қатар, полиция департаментінің мониторингі нәтижесінде биылғы жылы әлеуметтік желілерде суицидті насихаттайтын әлеуметтік желілердегі 266 парақша жабылды.

Осы жылдың 10 айында отбасы-тұрмыстық саласындағы қылмыстар 20%-ға (20-дан 16-ға дейін) төмендеді. А.Саймағамбетовтың сөзінше, жыл басталғалы 102 нөміріне отбасылық жанжалдар туралы 5 мыңнан астам қоңырау түскен. Нәтижесінде жәбірленушілердің 18,1%-дан астамы өтініш жазудан бас тартты. 

Тұрмыстық құқық бұзушылықтың жолын кесу мақсатында 5,1 мыңға жуық адам ұсталды. Оларға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды, сот арқылы мінез-құлықтарына ерекше талаптар белгіленді. Барлық құқықбұзушы арнайы профилактикалық есепке қойылып, тұрғылықты жері бойынша үнемі тексеріледі, профилактикалық әңгімелесуден өтеді. Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеуге қатысты міндеттерін орындамайтын 254 ата-ана анықталып, жауапкершілікке тартылды, 19-ы ата-ана құқығынан айырылды.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі кәмелетке толмағандар арасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді. 

«Жасөспірімдер арасында қылмыстар деңгейін төмендету бойынша облыстық білім басқармасы Полиция департаментімен бірге арнайы топ құрып, өзекті мәселелерге назар аударуы тиіс. Буллинг мәселесі де бей-жай қарайтын мәселе емес. Буллинг білім беру орындарында орын алса, шұғыл шараларды қолға алу қажет. Қылмысқа барған балалардың ата-аналарын шақырып, сөйлесіп, енді қайталанбайтындай етуіміз керек. Сондай-ақ, буллинг туралы хабарлау бойынша жұмыстарды күшейтуге тиіспіз. Яғни, оқу орындарында осындай дерек барын біреу мәлімдесе, құпиялылығын қамтамасыз етіп, барынша сол хабарлаушыны қорғауымыз керек. Сол кезде сенім артады», - деді өз сөзінде облыс әкімі Асхат Шахаров. 

Өңір басшысы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуден бөлек, балаларды үйірмелер мен секциялармен қамтуды ұлғайту, білім беру мекемелерінің бейнебақылау камераларын полицияның жедел-диспетчерлік орталықтарына қосу жөніндегі жұмысты жалғастыру, оқушылардың девианттық мінез-құлқын анықтау және алдын алу жөніндегі психологтардың жұмысын күшейту керектігін қадап айтты.