Ақтөбеде қоғамдық көлікте жолаушыларды тасымалдау ережесінің сақталуы тексеріледі

Ақтөбеде қоғамдық көлікте жолаушыларды тасымалдау ережесінің сақталуы тексеріледі

Ақтөбе тұрғындарының наразылығын туғызып отырған өзекті мәселенің бірі –  қоғамдық көлік жұмысы.  Өткен үш айдың ішінде Ахуалдық орталыққа қозғалыс уақытының бұзылуына, автобустардың жағдайы мен көлік жүргізушілерінің дөрекі әрекеттеріне қатысты 550 шағым келіп түсті.

Осыған байланысты облыс әкімі Ералы Тоғжанов көлікті бақылау инспекциясына полициямен бірге қоғамдық көлікте жолаушыларды тасымалдау ережесінің сақталуын тексеруді тапсырды. Тексеріс барысын облыс әкімі жеке бақылауына алды.

«Барлық автобус кестеге сәйкес жүріп, нақты бару-келу уақытын  жолаушылар белгілі болуы керек. Оның үстіне оқу жылы басталады – ​ студенттер мен оқушылардың көбісі автобусқа мінеді, алда қыс мезгілі. Маршруттық автобустардың нақты кестесі барлығына цифрлық форматта қолжетімді болу қажет»,- деді Ералы Тоғжанов қоғамдық тасымал мәселелері талқыланған жиында.

Қалада жолаушыларға 46 бағыт бойынша 4 компания қызмет көрсетеді. Олар - «Автопарк» ЖШС, «Табыс Ақтөбе» ЖШС, «Akzhayik Avtopark» ЖШС, «Qala Trans» ЖШС. Күн сайын келісімшартта көзделген 331 автобустың орнына орта есеппен 254 автобус шығады.

Айта кетейік, тасымалдаушылар 2022-2023​ жылдары 163 автобус сатып алды. Осылайша қоғамдық көліктер автопаркінің 50 пайызы жаңарды.

Бұдан бөлек, «Автопарк» ЖШС жыл соңына дейін қосымша тағы 30 автобус, «Akzhayik Avtopark» ЖШС 10 автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Бекқұл баба, Шилісай, Рауан, Ақшат, Өрлеу, т.б елді мекендеріне қатынайтын автобустар санын көбейту талабы қарастырылған.

Қазіргі уақытта жолаушылар мен автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру бойынша жаңа конкурс өткізілуде. Байқаудың техникалық талаптарына сәйкес тасымалдаушылар автобустар санын көбейтіп, кесте бойынша таңғы 6:30-дан кешкі 22:30-ға дейін жүруге міндетті.