Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық комиссиясының отырысы өтті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық комиссиясының отырысы өтті

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның бірлескен отырысы өтті.

Ақтөбе облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінің дерегіне сәйкес, 2023 жылдың 7 айында мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған 36 адам мемлекеттік қызметтен босатылып, 23 адам арнайы есепке қойылды.

Ералы Тоғжанов мемлекеттік қызметшілер – мемлекеттің тұлғасы екенін атап өтті. Олардың ҚР заңнамасының талаптарын бұзуына жол берілмейді. Осыған байланысты заңбұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу жұмыстары қатаң бақылауда болады.

Сондай-ақ, жер учаскелерін беру кезінде заңдылықты сақтау және тұрғын үй қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері қаралды.

«Қазіргі уақытта Ақтөбеде жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін алуға кезекте тұрған азаматтардың саны 145 556 адамды құрайды. Автоматтандыру аясында кезекте тұрғандардың бірыңғай тізімі жасалған, ол egov.kz электрондық порталында жарияланды. Осының арқасында кезекте тұрғандар кезек қозғалысын онлайн режимінде бақылай алады», - деп атап өтті қала әкімі Азамат Бекет.

Сондай-ақ, азаматтар 5 минут ішінде онлайн режимінде кезекке тұра алады. Осылайша, ашық әрі жылдам қызмет көрсетіледі.  Бұрын жер учаскесін алуға өтініш 12 күнге созылып, қаралып, қағаз түрінде қабылданған.

Ақтөбе әкімінің айтуынша, былтыр ЖТҚ үшін 314 жер учаскесі берілген. Бүгінде инженерлік желілердің болмауына байланысты кезекте тұрғандарға жер учаскелерін беру тоқтатылды.

Тұрғын үй қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қазіргі уақытта тұрғын үй кезегіне қою, тұрғын үй мәселелері бойынша ақпарат алу, «Отбасы банкі» арқылы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу, тұрғын үй сертификаттарын пайдалану, азаматтарға кезек тәртібімен тұрғын үй беру, тұрғын үйді жекешелендіру функциялары толық автоматтандырылған.

Бұдан өзге, осы салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жыл сайынғы іс-шаралар өткізіледі.

Қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспаналарға 27,6 мыңнан астам азамат мұқтаж.  Биылғы жылдың соңына дейін кезектілік тізімі бойынша 559 пәтер беру жоспарлануда.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – басым міндеттердің бірі екенін облыс әкімі Ералы Тоғжанов айтып өтті.

«Биылғы жылы біздің алдымызда 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша үлкен міндет тұр. Тұрғын үй құрылысы объектілерін уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету маңызды. Әлеуметтік тұрғын үй кезекте тұрғандар арасында барынша ашық бөлінуі тиіс», - деді Е. Тоғжанов.