Ақтөбеде ескі қоқыс полигоны топырақпен көмілуде

Ақтөбеде ескі қоқыс полигоны топырақпен көмілуде

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласын аралау барысында стихиялық қоқыстарды жою мәселелеріне айырықша назар аударды.

Бұған дейін хабарланғандай, космомониторинг деректеріне сәйкес, биыл Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының аумағында, сондай-ақ Мәртөк, Хромтау және Қарғалы аудандары аумақтарының бір бөлігінде 170-ке жуық стихиялық қоқыс үйіндісі анықталған. Ералы Тоғжанов уәкілетті органдарға оларды жою жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Облыс әкімі халық арасында профилактикалық жұмыстың маңыздылығын тағы да атап өтті.

«Таза аумақ дегеніміз тазалау жұмыстары жүргізілетін жер емес, қоқыс-қалдықтар тасталмайтын жер. Бұл - бәрімізге айғақ дүние. Тұрғындарға осыны жеткізе білу, кез-келген бұзушылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру қажет. Түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, сондай-ақ құқықбұзушыларды анықтау және жауапкершілікке тарту керек», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, өңір басшысы ҚТҚ полигонын топырақпен көму барысымен танысты. «Батыс Ақтөбе» мердігер ұйымының өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Өздеріңіз білетіндей, 20 метр тереңдікте жатқан қоқыс метанының пайда болуына байланысты қалдықтар тұтанып, жанады. Қазір 42 гектар аумақты топырақпен көму және қыркүйек айының соңында аяқталуы тиіс 160 газ бұру құбырын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, ескі полигон аумағында ауданы 18 га жаңа полигон салынды, ол жақын арада пайдалануға беріледі.  

Облыс әкімі басталған жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін атап өтті.