Ақтөбе облысында 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 2,6 млрд теңге бөлінді

Ақтөбе облысында 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 2,6 млрд теңге бөлінді

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында биылғы жылдың қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, жаңа оқу жылына дайындық барысы, стихиялық қоқыс үйінділерін жою және «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелері қаралды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика қамтамасыз етілгенін баяндады. Мәселен, ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 100,6%, инвестициялар - 108,3%, құрылыс жұмыстары – 120,2%, тұрғын үй пайдалануға беру – 109,1%, көлік және қоймалау – 116,8% құрады. Өнеркәсіптік өндірісте, көтерме және бөлшек саудада кішігірім төмендеу байқалады.

Өңір басшысы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырып, бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджет қаражатын толық және тиімді игеру қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ, жиын барысында оқу орындарын жаңа оқу жылына дайындау мәселелеріне назар аударылды.

«Ғимараттар мен жылыту  жүйелерін жөндеуге қатысты барлық іс-шаралар барынша қысқа мерзімде іске асырылуы тиіс. Бұл мәселені уәкілетті органдар тұрақты және қатаң бақылауда ұстауы қажет. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды. Дабыл түймелері мен турникеттерді орнатуды, мектептегі бейнекамералардв Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосуды жеделдету қажет», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Жаңа оқу жылында облыста  428 мектеп, 594 мектепке дейінгі ұйым, 41 колледж жұмыс істейді. Биылғы жылы 33 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізуге 4,8 млрд теңге бөлінді. Кейбіреулерінде  жұмыс  аяқталды.

Биыл, бірінші сыныпқа 18 459 оқушы қабылданды, деп хабарлады білім  басқармасының басшысы Жайық Сұлтан. Оның айтуынша, жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Ата-аналардың өздері мектеп формасының өндірушісін таңдап, бөлшек сауда желісі арқылы сатып ала алады.

Негізгі міндеттердің бірі – білім ордаларын оқулықтармен қамтамасыз ету. Осы мақсатта 16 баспаханамен 176 келісімшарт жасалды. Оқулықтарды сатып алуға 1,9 млрд теңге бөлінді. Облысқа оқулықтар жеткізу басталып кетті. Жайық Сұлтанның мәлімдеуінше, 1 қыркүйекке дейін кітаптар мектептерге жеткізіліп, балаларға берілетін болады.

Сондай-ақ, биылғы оқу жылында 1-4 сыныптардың 72,8 мыңнан астам оқушысын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 2,6 млрд теңге бөлінді. Бұдан өзге, жалпыға міндетті оқыту қоры есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардан шыққан 15,1 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта өңірде 22 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның алтауы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Өңірдегі үш ауысымды, апатты және шамадан тыс жүктелген мектептердің проблемасын шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында барлығы 44 жаңа мектеп салу жоспарланған.

Одан басқа, облыстық экология басқармасының басшысы Ербол Қуанов қоқыс үйінділерін жою жөніндегі ағымдағы жұмыс туралы мәлімдеді. Космомониторинг деректеріне сәйкес, бүгінде Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының аумағында, сондай-ақ Мәртөк, Хромтау және Қарғалы аудандарының аумақтарының бір бөлігінде 170-ке жуық стихиялық қоқыс орындары анықталды.

Өңір басшысы жергілікті атқарушы органдарға оларды жою жөніндегі жұмыстарды жеделдетуді, сонымен қоса, профилактикалық жұмыстарды, оның ішінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құқық бұзушыларды анықтау және жауапкершілікке тарту арқылы жандандыруды тапсырды. 

Күн тәртібіндегі соңғы сұрақ «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру және төрт-түлікке жем дайындау мәселесі болды.

Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жобасы аясында жалпы сомасы 6 млрд теңгеден асатын 1430 өтінім мақұлданды. Тауарлық несиеге келетін болсақ, 335 отбасына 4716 бас жылқы, қой, ірі қара және түйе табысталды.

Шөп дайындау жұмыстары аяқталуға жақын. Облыс бойынша жоспар 82% орындалды. Барлығы 2,8 млн тонна көлемінде бір жарым жылдық қор жиналмақ. Астық жемдерін дайындау жұмыстары да қатаң бақылауда.