Ералы Тоғжанов мәдениет қызметкерлерімен креативті индустрияны дамыту жолдарын талқылады

Ералы Тоғжанов мәдениет қызметкерлерімен креативті индустрияны дамыту жолдарын талқылады

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов креативті индустрияны аудандарда дамыту мәселелерін талқылау үшін мәдениет қызметкерлерімен кездесті.   

Кездесу барысында облыс әкімі бүгінде креативті индустриялар жаңа технологиялардың негізгі көзі және экономикалық өсудің драйвері ретінде әрекет ететінін алға тартты.

«Мемлекет басшысы Үкіметке экономиканың креативті секторын дамыту бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған болатын. Нәтижесінде креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Тұжырымдамасы бекітілді. Кейбір елдерде креативті индустрия экономиканың негізгі секторларына айналуда. Мысалы, Оңтүстік Кореяда экономика өсімінің 30 пайызы сол салаға тиесілі. Сондай-ақ бізде осы бағытта өз даму әлеуетіміз бар, алайда жұмысқа деген көзқарасты, оның ішінде мәдениет мекемелері қызметінің бағдарлары мен мақсаттарын өзгерту қажет. Қазір цифрландыру дәуірі, бізге аудитория үшін ашық, цифрлық технологиялар кеңінен қолданылатын жаңа форматтағы мәдениет мекемелері қажет», - деді Ералы Тоғжанов.

Кездесу Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының базасында өтті. Аталған кітапхана жақында функционалы мен бағыттары бойынша түрлі аймақтарды ұсынатын креативті орталыққа айналған еді. Мұнда контент жасау, фото және бейнетүсірілім жүргізу, коворкинг, қалалық қауымдастықтарға арналған коммунити-спейс, тақырыптық кітап залдары, шеберханалар және т.б. бағыттарға арналған студия жұмыс істейді. Келешекте осы қағида бойынша өңірдің барлық мәдениет мекемелері, оның ішінде ауылдық жерлерде де жұмыс істеуі тиіс.  

«Өңірде жаңа идеяларды қалыптастыратын креативті және талантты жастар бар, бірақ оның бәрін жүзеге асыру үшін қаражат пен технология қажет. Бұл орталық жастарымызға жаңа мүмкіндіктер ашты. Мұнда олар жан-жақты ойластырылған жобаларын жүзеге асырып, таланттарын шыңдай алады. Ең бастысы – мұның бәрі тегін. Біздің ауылдарымызда таланттар көп, мен бұған сенімдімін. Олар өз идеяларын жергілікті жерде жүзеге асыра алуы керек. Мәдениет мекемелері үшін сатып алынған жабдықтар мен техникаларды қоймаларда шаң басып жатпауы тиіс», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасындағы креативті орталық қысқа мерзім ішінде кеңінен танылып, жастар арасында ерекше қызығушылық тудыруда. Бір айдың ішінде келушілер саны 15 мыңнан астам адамға жетті және нысанның танымалдығы күннен-күнге артып келеді.

Облыс әкімі мұндай орталықтардың ашылуы – бұл облысымыздың, жалпы еліміздің дамуына елеулі үлес қосатын жастардың болашағына салынған инвестиция екеніне сенім білдірді. Бұл ретте Ералы Тоғжанов шығармашылық орталықтар халқымыздың рухани құндылықтарымен үйлесуі тиіс екенін айтты.

Басқосу нәтижесінде креативті индустрияны дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу мақсатында жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.