Ақтөбе өңірінде 20 ірі инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері Астанада талқыланды

Ақтөбе өңірінде 20 ірі инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері Астанада талқыланды

«Астана» халықаралық қаржы орталығында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ірі, оның ішінде шетелдік инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Конструктивті диалогқа өңірдегі мемлекеттік органдардың басшылары, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму, сыртқы істер, қаржы, денсаулық сақтау вице-министрлері, ҚР СІМ инвестиция, сондай-ақ азаматтық авиация комитеттері,  «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «ҚДБ» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «СҚ-Фармация» ЖШС, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ,«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, Ақтөбе облысындағы ең ірі және маңызды инвестициялық жобалардың бастамашысы саналатын 20-ға жуық инвестициялық компания басшылары қатысты.

Ералы Тоғжанов сырттан тартылатын қаржы өңірді дамытудың негізгі факторларының бірі, сондықтан инвестициялық ахуалды жақсартуға ерекше назар аударылатынын алға тартты.

«Ақтөбе облысы - индустриалды дамыған өнеркәсіптік өңірлердің бірі. Саланы одан әрі дамыту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірге инвестициялар тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жоспарлар бекітілді.

Құны 3,1 трлн теңгені құрайтын бұл жобаларды 2025 жылға дейін іске асыру жоспарлануда.

Инвесторлар жобаны бастар алдында бірқатар мәселелерді көтереді, бүгінгі кездесуіміздің мақсаты - сол мәселелердің кешенді шешілу жолдарын анықтау», - деді Ералы Тоғжанов.

Тараптар жобаларды іске асыру барысында туындаған негізгі проблемаларды, оның ішінде қаржыландыру, жер учаскелерін бөлу, жер қойнауын пайдалану, шикізат жеткізу мәселелерін талқылады.

Мысалы, биыл теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыт құрылысын бастайтын «Ақтөбестил» ЖШС-не даму  институттары тарапынан қаржыландыру қажет. Жобаның жалпы құны - 168 млрд теңге.

Осындай қолдау цемент және цементті клинкер өндіру зауытын салатын QazCement Industries ЖШС-не де керек. «Qazprom Nikel» ЖШС никель-кобальт кендерін қайта өңдеу зауытын салу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуды жеделдетуі қажет. ERG International Group «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын»республикалық маңызы бар жолды қайта жаңартуға 496 млрд. теңге инвестициялауға әзір (қаржыландыру UKEF).

Барлығы жиырмадан астам жоба бойынша өзекті мәселелер қаралды. Ералы Тоғжанов олардың барлығы өңірдің одан әрі экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін зор маңызға ие екенін атап өтті.

«Біз барлық проблемалық мәселелердің оң, оның ішінде орталық мемлекеттік органдар деңгейінде шешілуі үшін қажеттінің бәрін істейміз», - деген Ақтөбе облысының әкімі бүгінгі кездесу пікір алмасып, өзекті мәселелерді шешу жолдарын анықтауға жақсы мүмкіндік бергенін жеткізді.