
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Ақтөбе-Қандыағаш» республикалық маңызы бар трассасын қайта жаңарту жұмыстарының барысын тексерді.
Жобада жолды 4 жолаққа дейін кеңейту, көпірлер, мал айдау және теміржол арқылы өткел салу көзделген.
11-ден 52 шақырымға дейінгі учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстарын «Сине Мидас Строй» ЖШС компаниясы жүргізуде. Жөндеу жұмыстары белсенді қарқынмен жүріп жатыр. Қазіргі уақытта негізгі жұмыстар Алға қаласының айналма жолы болып табылатын ұзындығы 16 шақырым учаскеде жүргізілуде. Оның 9 шақырымына қиыршық тас, 3 шақырымына асфальт төселген.
«Айналма жолда көлемі мен мақсаты бойынша 7 түрлі көпір салу көзделген. Мұндағы жұмыстарды осы жылдың күзінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қозғалыстың ашылуымен транзиттік көліктер бұдан былай Алға қаласына кірмейді», - деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл.
«Ақтөбе-Қандыағаш» трассасының 52-ден 100 шақырымға дейінгі учаскесін «Ассана ДорСтрой» ЖШС жөндеуде. Жұмыстарға барлығы 600-ден астам адам және 300-ге жуық техника жұмылдырылған.
Екі учаскедегі жұмыстардың сапасы мен қарқыны облыс басшылығының қатаң бақылауында.