2023 жылы Ақтөбе облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 10 млрд теңгеге жол, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар салынады

2023 жылы Ақтөбе облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 10 млрд теңгеге жол, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар салынады

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл аманаты» жобаларының іске асырылу барысы, су ресурстарын сақтау, жолдар мен аулаларды жөндеу мәселелері қаралды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының деректеріне сәйкес, «Ауыл – ел бесігі» жобасы облыстағы ауылдық елді мекендердің дамуына оң әсерін тигізіп жатыр. Мәселен, соңғы төрт жылда 120 мыңнан астам халқы бар 63 ауылда 19 млрд теңге сомасына 148 жоба іске асырылды, 3000-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылды.

Биылғы жылы 34 ауылдық елді мекенде 10 млрд теңге сомасына 62 жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарын, 53 шақырымды құрайтын  инженерлік желілерді, 28 әлеуметтік нысанды салу және жөндеу қарастырылған. Бұл елді мекендердегі 105 мыңнан астам тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартуға, 450 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі аудандық әкімдіктерге, оның ішінде қаражатты игеру жағынан төмен көрсеткіштерге ие Байғанин және Қобда әкімдіктеріне жобаларды уақытылы іске асыру және бөлінген қаржыны толық игеру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов жиында су ресурстарын сақтау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Еріген қар суын жинау жөніндегі сіздің тапсырмаңызға сәйкес, шамамен 570 млн текше метр суды сақтауға мүмкіндік беретін 9 су қоймасын салу мәселесі қаралды. Қосымша 18 шағын су қоймасын салу ұсынылады, бұл 85 млн.текше метрге дейін жерүсті суларын жинауға мүмкіндік береді. Оған 349 млн теңге қажет», — деді Сәбит Дүйсекенов.

Сондай-ақ апаттық жағдайдағы бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Биыл 8 бөгетті күрделі жөндеу жоспарланған.

«Біз су ресурстарын тиімді сақтауымыз керек. Бұл бүкіл ел үшін өзекті мәселе, біздің міндетіміз – шаруашылықта пайдалану үшін үлкен көлемдегі суды жинау және сақтауға мүмкіндік беретін шараларды қабылдау. Барлық жаңа жобалар мұқият талдаудан өтуі тиіс. Егер жобалар жүзеге асыруға тұрарлық болса, олар қолдауға ие болады», — деп атап өтті облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

«Ауыл аманаты» жобасымен өңірде жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге 1 486 өтінім берілді. Оның 1292-сі мақұлданып, бүгінгі күні 700 өтінім иесі несие қаражатын алды. Қазірдің өзінде мақұлданған жобаларға қаражат аудару кешіктірілуде, басты себебі – өтінім иелерінің кепілдікке қойылатын мүлік және басқа да құжаттарды  ұзақ уақыт рәсімдеуінде.

Осыған байланысты облыс әкімі «Ақтөбе» ӘКК-ге, аудан әкімдіктеріне жобаларды сүйемелдеуді күшейтуді, ауыл шаруашылығы басқармасына халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жолдар мен аула аумақтарын салу және реконструкциялау жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады.

Осы бағыттағы барлық жобалардың сапасы мен мерзімдерін Ералы Тоғжанов қатаң бақылауда ұстауды міндеттеді.

Өңір басшысы қаланың орталық көшелеріндегі жол төсемі мен құдықтарды бір деңгейде жасау мәселесі әлі шешілмегенін алға тартты. Сондай-ақ, облыс әкімі тозаңды ауаға шығаратын және аллергия тудыратын арамшөптерді уақытылы жұлу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Ал қоқыстарды шығаратын арнайы көлік құралдарын сатып алу бойынша конкурсты жеделдету – күн тәртібінде. Барлығы 54 бірлік арнайы техника сатып алуға 10 конкурс жарияланған.

«Қалада қоқыс шығару мәселесі өзекті. Халықтың наразылығы артып келеді: соңғы айда Ахуалдық орталыққа келіп түскен қоқыс шығаруға қатысты шағымдардың саны 2 есеге артты. Бұл мәселені шешу бойынша шараларды шұғыл түрде іске асыру қажет», — деп атап өтті облыс басшысы.