
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Көктем (бұр. Заречный-1) тұрғын алабының жанында орналасқан Елек өзені арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жұмыс үстіміздегі жылдың 17 шілдесінде басталды.
Айта кетейік, 2022 жылы өңір басшысының тапсырмасы бойынша жол төсемінің жай-күйі тұрғындардың наразылығын тудырған көпірде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімі сол уақытта 2023 жылдың жазында 200 метрлік жол өтпесінде күрделі жөндеу жүргізуді тапсырып, шұңқырларды жөндеу - бұл уақытша шешім екенін айтқан болатын.
«Казкомсервис» ЖШС бас мердігері асфальтбетон жабынын фрезерлеуді жүргізген. Қазіргі уақытта деформациялық тігістердегі ақауларды жою бойынша жұмыстар жүргізіліп, кейін оқшаулағыш материалмен жабуға, қорғаныс қабатын және асфальтбетон жабынын орнатуға кіріседі. Аталған жұмысқа 20 адам және 10 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, облыс әкімі Есет батыр ат. тұрғын алабында орналасқан оңалту орталығының құрылысының барысын тексерді.
Бірнеше ғимараттан тұратын кешеннің құрылысы ағымдағы жылдың соңында аяқталады. Естеріңізге сала кетейік, нысан құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты біраз уақыт жұмысы тоқтап қалған. Бүгінгі таңда барлық проблемалық мәселелер күн тәртібінен алынып, маңызды әлеуметтік нысанның құрылысы белсенді қарқынмен жалғасты. Орталықта мүгедектерді сапалы оңалту үшін барлық жағдайлар жасалатын болады, оның ішінде жобада алдыңғы қатарлы оңалту жабдықтарын орнату көзделген.
Облыс әкімі «Интерстиль» ЖШС мердігерлік ұйымының алдына құрылыс мерзімдерін қатаң сақтап, жұмыстардың жоғары сапасын қамтамасыз ету міндетін қойды.