
Ақтөбенің орталық демалыс саябағында металлургия саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов күрделі де, жауапты мамандық өкілдерін Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 80 жылдығымен құттықтады.
Өңір басшысы металлургия саласы Қазақстан экономикасында маңызды орын алатынын және өңір индустриясының басты қозғаушы күші екенін алға тартты.
«Металлург күні - бұл өз кәсібіне мығым және адал адамдардың мерекесі. Бүгінгі таңда «Қазхром» - облыстағы ең ірі компания. Оның бөлімшелерінде 12 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Өз өмірін металлургия саласына арнаған адамдар - «Қазхром» ТҰК-ның ең үлкен байлығы. Кәсіпорын қазіргі уақытта Қазақстанда өндірілетін хром кені мен хром концентратының 85%-ы және ферроқорытпалардың 40%-ын өндіреді. Жыл сайын компания жаңа технологияларды белсенді енгізіп, техникалық қайта жарақтандыру жүргізіп келеді. Мұның жарқын дәлелі - ферроқорытпа зауытының 4-ші балқыту цехы. Қазіргі уақытта қуаттылығы жылына 500 мың тоннаға жуық ферроқорытпа өндіру жобасы әлемдегі ең үздік автоматтандырылған жүйесі бар зауыттардың қатарына кіреді», - деген өңір басшысы қазақстандық металлургияны дамытуға баға жетпес үлес қосқан қызметкерлерге алғысын білдірді.
Шарада үздіктердің үздігіне жоғары салалық және корпоративтік наградалар, Ақтөбе облысы әкімінің және «Қазхром» компаниясы басшылығының алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары табысталды.
Облыс әкімі зауытта 27 жылдық жұмыс өтілі бар №4 балқыту цехының ұсақтаушысы Қайрат Кәкеновке, сондай-ақ ферроқорытпаларды фракциялау және тиеу цехының кран машинисі Лариса Песоцкаяға «Құрмет грамотасын» табыстады. Ол зауытта 32 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
38 жылдық тәжірибесі бар теміржол цехының жабдықтаушысы Федор Деркач Алғыс хатпен марапатталды. Марапатталушыларға 300 мың теңге көлемінде сыйлықақы берілді.
Кәсіби мерекеде металлургтер пәтер кілттері, ақшалай сертификаттарға ие болды. Сондай-ақ, зауыттың он қызметкері Chevrolet Cobalt маркалы көліктің кілтін алды.
Кеш эстрада әншілерінің концертімен жалғасып, мерекелік отшашумен аяқталды.