
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында тұрғындармен және жергілікті бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу өткізді.
Басқосуда Серік Жұманғарин елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, азық-түлік инфляциясының деңгейін төмендету, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша іске асырылып жатқан шараларға тоқталды.

«Осы аптада әлеуметтік азық-түлікте нөлдік инфляция тіркелсе, өткен аптада инфляция минусқа кетті. Азық-түлік бағасының өсуінің басты себебі – біз өз-өзімізді қамтамасыз етпеуімізде. Көп нәрсені сырттан әкелеміз. Бұған жарқын мысал – былтыр орын алған қант мәселесі. Сондықтан біз негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған жаңа әдістерді енгізіп жатырмыз», - деді ҚР Премьер - Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі.
Жаңа тетіктерді іске асыру аясында тұрақтандыру қорларының жұмысы жетілдіріледі, жаңа тауарлы-сүт фермалары мен көкөніс қоймалары ашылады, ауыл шаруашылығы құрылымдарын сумен жабдықтаудың өзекті мәселелері шешіледі.

«Биыл біз 26 бөгет салуды жоспарлап отырмыз. Бұл – суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуда маңызды қадам. Шаруалардың су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі бастамалары міндетті түрде қолдау табатынын тағы да атап өткім келеді», - деді Ералы Тоғжанов.
Кездесу барысында «Ауыл аманаты» жобасын тиімді іске асырудың маңыздылығы атап өтілді. Серік Жұманғарин жоба аясында республика бойынша 2023 жылы 17 мың шағын несие беру жоспарланып отырғанын, 18 мың жұмыс орны құрылатынын жеткізді.

Вице-премьер Ақтөбе облысының басқа өңірлерде қолға алынбаған тауарлық несиелеу бойынша тәжірибесіне оң баға берді. Тауарларды несиелеу шарттарына сәйкес, шаруа қожалықтары ауыл тұрғындарына ірі қара мен ұсақ малды тегін береді. Мәміле жасау үшін кепіл мүлкі талап етілмейді. Ауыл тұрғындары тауарлық несиені алынған малды төлмен қайтарады.
«Бұл біздің көмек көрсету бойынша ежелгі дәстүрімізге, кәсіпкерліктің әлеуметтік бағдарлану талаптарына сәйкес келеді», - деді Серік Жұманғарин.

Кездесуде фермерлер ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу және ұңғымаларды бұрғылауды субсидиялауға, шаруашылықтардың өз көкөніс қоймаларын салуға, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару және т.б. мәселелерде мемлекеттік қолдауға қатысты бірқатар өзекті сауалдарды көтерді.
Сұрақтарға жауап бере отырып, ҚР Сауда және интеграция министрі қосымша зерделеуді талап ететін барлық ұсыныстар мен шағымдар тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға одан әрі пысықтау үшін жіберілетінін алға тартты.