
Ақтөбеде судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлерін сот төрелігін жүзеге асыруға және сот жүйесіндегі заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде» деген болатын. Жаңа заңдар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтті. Сіздер, демократиялық және құқықтық мемлекет құру, қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтық бейбітшілікті сақтау жолында маңызды рөл атқарасыздар. Күнделікті болсын, нарықтық қатынастар саласында болсын, даулар мен жанжалдарды шешу судьядан жоғары білімді, тәжірибені және мінсіз адами және тұлғалық қасиеттерді талап етеді», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сот жүйесінің ардагерлері мен қазіргі судьяларға облыс әкімі «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін және алғыс хаттарды табыс етті.
Ақтөбе облысында 370-тен астам судья мен сот қызметкерлері жұмыс істейді. Биылғы жылдың басынан бастап облыс соттарында 10 мыңға жуық іс қаралды.
Жоғарғы Сот жүргізген мониторингке сәйкес, татуласу ісі 54,6%-ды құрайды. Бұл республиканың басқа өңірлермен салыстырғанда үздік көрсеткіш.