Ирандық Данешвар Бардия Ақтөбеде өткен Халықаралық шахмат турнирінің абсолютті чемпионы атанды

Ирандық Данешвар Бардия Ақтөбеде өткен Халықаралық шахмат турнирінің абсолютті чемпионы атанды

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Владимир Дворкович мемориалы - Aktobe Open 2023» Халықаралық шахмат турнирінің жабылуына қатысты.

Өңір басшысы мұндай деңгейдегі іс-шаралар шахматты өңірде және жалпы Қазақстанда спорт түрі ретінде дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

«Турнирдің арқасында Ақтөбе бірнеше күн бойы халықаралық шахмат орталығына айналды, ал біз интеллектуалдардың тартысты және қызықты жарыстарының куәсі болдық. Турнирге әлемнің 15 елінен 176 үздік шеберлер жиналды. Олардың қатарында халықаралық гроссмейстерлер мен шеберлер, ФИДЕ шеберлері бар. Турнир барысында біз жастарымыздың шахматқа деген ерекше қызығушылығын байқадық, бұл қуантарлық жағдай. Аймақтағы халықаралық жарыстар шахматты насихаттауға үлкен үлес қосары сөзсіз.

Бүгінде біздің облыста шахматтан 1303 үйірме жұмыс істейді, оларға 19,5 мың адам қатысады. Турнирдің арқасында олардың саны артатынына сенімдімін», - деп облыс әкімі ФИДЕ президенті Аркадий Дворковичке, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан шахмат федерациясына спорттық іс-шараны жоғары деңгейде өткізгені үшін алғысын білдірді.

Ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан кубогының екінші кезеңі болып табылатын біріншілік 9 турдан тұрды.

Турнирдің абсолютті чемпионы Ираннан келген Данешвар Бардия атанды. 

Youth open U14 балалар арасындағы шахмат турнирінде бірінші орынды ақтөбелік Каир Беристенов иеленді.

Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды.

Турнирдің жалпы кепілдендірілген жүлде қоры 23 млн теңгені құрады.