Ералы Тоғжанов жылыту маусымына дайындық барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды

Ералы Тоғжанов жылыту маусымына дайындық барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында жылыту маусымына дайындық, ҚР Әлеуметтік кодексінің күшіне енуі және «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелері қаралды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысында өңірде қазандықтарға, жылу, су құбыры, кәріз және электр желілеріне, әлеуметтік нысандарға, көппәтерлі тұрғын үйлерге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар, негізгі ресурстармен жабдықтаушы кәсіпорындардың басшылары тыңдалды. Бүгінгі таңда қазандықтарды жөндеу бойынша жұмыстар 34%-ға, инженерлік желілер - 10-нан 33%-ға дейін орындалған.

Бюджеттік ұйымдар мен тұрғындардың қажеттіліктері үшін көмір мен дизель отынын дайындау басталды. Ералы Тоғжанов Байғанин, Ырғыз, Шалқар және Темір аудандарының әкімдіктеріне жеткізілімдерді жандандыруды тапсырды.

«Жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталуы керек. Ең алдымен, әлеуметтік нысандар қатаң бақылауда болады. Өткен қыста суық болған Ана мен баланы қорғау орталығының ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарын бастау үшін рәсімдерін жеделдету қажет. Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының әкімдіктеріне көппәтерлі тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындық актілері мен паспорттарын алуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын», - деді Ералы Тоғжанов.

ҚР Әлеуметтік кодексін енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарының барысы туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының м.а. Әнуарбек Қонжар, Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Алмаз Әлімбаев және т.б. баяндады.

Азаматтарды әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары және зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі жеті негізгі бағыт көрсетілген Әлеуметтік кодекс үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Қазір бұл мәселелер Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен жойылатын тоғыз тәуелсіз заңмен реттеледі. Бұл ретте жаңа Кодекс бюджеттен де, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да бүгінгі күні бар барлық әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік қолдау нысандарының сақталуын қамтамасыз етеді. Айта кетейік, Кодекстің енгізілуімен азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, сондай-ақ әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін кейбір төлемдер арттырылады.

Одан бөлек, Әлеуметтік кодексте зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтарға зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуға бағытталған бірқатар шаралар көзделген.

Ералы Тоғжанов енгізіліп жатқан жаңашылдықтарға қатысты халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға қатысты мәселені қарау барысында облыс әкімі түсіндіру жұмыстарының төмен деңгейде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Жақында аудандарға жасаған сапарым кезінде кейбір тұрғындардың жоба туралы толық ақпарат жетпегендігін байқадым. Бұл ауылдық округ әкімдері міндеттеріне немқұрайлылық танытып, жұмысты тиісінше жүргізбейтіндігін көрсетеді. Ырғыз ауылдық округінің тұрғыны Зиба Сәрсенбаева қажетті құжаттарымен екі айдан астам уақыт есік табалдырығын тоздыруға мәжбүр болып отыр. Әкімдік ұсынылған жобаға тиісті көмек көрсетпеген. Осы жағдайға қатысты барлық кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады», - деді Ералы Тоғжанов.

Барлық аудандардың әкімдіктеріне «Ауыл аманаты» жобасының үміткерлері мен қатысушыларына толық кеңес беру, заңгерлік және өзге де көмек көрсету міндеті қойылды. Өңір басшысы аудан әкімдіктері бизнес-идея туындаған сәттен бастап қаржыландыру мен іске асыруға дейінгі барлық кезеңдерде әрбір жобаны кешенді сүйемелдеуді қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жалпы сомасы 2 млрд теңгеге жеңілдетілген несиелер берілді. Тауарлық несиелеу аясында 306 отбасы 3,8 мыңнан астам мал алды.