
Бүгін Ақтөбеде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілер күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысушыларды, оның ішінде мемлекеттік қызмет ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Өңір басшысы өз сөзінде мемлекеттік қызметшінің негізгі миссиясы - халыққа адал қызмет ету және ел мүддесін қорғау екенін атап өтті.
«Бүгінде облысымызда 4000-нан астам мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік қызмет саласын жақсарту мақсатында тиімді реформалар жүргізілуде. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық кедергілер жойылды, лауазымды жұмысқа кіру және одан шығу тәртібінің жаңа тетіктері қолданысқа енгізілді. Мемлекеттік қызмет – барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөл атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Мемлекеттік қызметші болу – үлкен мәртебе, жауапты және қиын міндет. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, халыққа адал қызмет етуді тілеймін», - деді Ералы Тоғжанов.
90-нан астам мемлекеттік қызметші өз міндеттерін үлгілі орындап, еңбек жолында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін облыс әкімінен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінен марапаттарға ие болды.
Шара соңында облыс әкімі мемлекеттік қызмет мектебінің түлектеріне кеңесін айтып, ақ жол тіледі. Ал еңбек жолын жаңа бастаған бірқатар мемлекеттік қызметшілер көпшілік алдында ресми ант қабылдады.