
MakerSpace шеберханасы С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада орналасқан. Оның ашылуына облыс әкімі Ералы Тоғжанов, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм, Chevron компаниясының басқарушы директоры Дерек Магнесс қатысты.
Makerspace Aktobe - бұл заманауи шығармашылық зертхана алаңы, аталған аудиторияда робототехника, электроника, ғылыми эксперименттер сабақтары және т.б. бағытта өз идеяларын жүзеге асыру үшін 3D басып шығарумен және басқа жабдықтармен жұмыс істеудің бірегей мүмкіндігіне ие болады. MakerSpace-тің барлық жұмыс кеңістігі бірлесіп жұмыс істеуге, оқуға, зерттеулер жүргізуге және идеялармен бөлісуге бағытталған.

«Шығармашылық салалардың болашағы зор, бұған күмән жоқ. Сондықтан біз осындай орталықтардың ашылуын қолдаймыз. IT технологиялар біздің табалдырығымыздан әлдеқашан өтіп кеткен, сол себепті біздің балаларымыз барлық жаңа технологиялар мен заманауи әзірлемелермен жұмыс істей білуі тиіс. Шығармашылық орталық балалар мен жастарды тарту мақсатында ашылған, өйткені бұл кәсіптік бағдар, жұмысқа орналасу мүмкіндігі, ал оларда әрқашан таңдау болуы тиіс. Біз жас отандастарымыздың шығармашылығын қолдауға бағытталған жобаны іске асыруға қатысқандардың барлығына ризашылық білдіреміз», - деп атап өтті өз сөзінде Ералы Тоғжанов.

Жоба АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі мен Chevron компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.
«Мен шығармашылық серіктестіктің орнағанына қуаныштымын. 12 жыл бұрын бұл кітапханада американдық бұрыш ашылды, ал енді MakerSpace болып қайта жасақталды», - деді елші Дэниел Розенблюм.
Тұсаукесер рәсімін салтанатты түрде өткізгеннен кейін қонақтарға MakerSpace Aktobe естелік төсбелгілері табысталып, жаңа орталыққа экскурсия жүргізілді.

Мұнда балалар робототехникамен, инженерлік және дизайн ісімен, компьютерлік графикамен, 3D-модельдеумен айналысатын болады. Сондай-ақ компьютерлік кодтау, шеберлік, дәнекерлеу, қалдықтарды қайта өңдеу, дизайн, ғылыми эксперименттер және басқа да тақырыптар бойынша семинарлар мен тренингтер, шеберлік сыныптары өтеді. Барлық іс-шаралар мен семинарлар қолжетімді әрі тегін болады. MakerSpace өңірдегі бүкіл жас өнертапқыштардың жиналатын орны болмақ.