Ақтөбе облысының Жарқамыс ауылында дәрігерлік амбулатория мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Ақтөбе облысының Жарқамыс ауылында дәрігерлік амбулатория мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Байғанин ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Қожасай» кен орнындағы ілеспе мұнай газын кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі Gaz Prosessing зауытына барды. Жыл сайын өндірісте 300 миллион текше метр газ өңделеді. Қайта өңделетін газ көлемін арттыратын зауытты қайта құру жоспарлануда. Бұл «Қожасай» кен орнының шикізат базасын одан әрі ұтымды пайдалануға және ішкі нарықты тауарлық газбен толтыруды жақсартуға мүмкіндік береді.

Бүгінде зауытта 300-ге жуық адам жұмыс істейді.

Облыс әкімі жоспарланған өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізудің, қызметкерлердің еңбек құқықтарын сақтаудың, сондай-ақ өңірдегі ірі қайта өңдеу кәсіпорындарының бірінің ауданның кен орнына жақын елді мекендерді абаттандыру жөніндегі әлеуметтік жобаларға қатысуының маңыздылығын атап өтті. 

Сонымен қатар, өңір басшысы «Қазақтүрікмұнай» компаниясының басшылығымен кездесу өткізіп, оның барысында кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігі және т.б. мәселелер қаралды.

Айта кетейік, «Қазақтүрікмұнай» компаниясы бастаған «Қожасай - Оңтүстік Қаратөбе» автожолының құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның жалпы құны-1,7 млрд теңге. Жол пайдалануға берілгеннен кейін оны жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары мен шаруа қожалықтары пайдалана алады.

Жарқамыс ауылында өңір басшысы бір ауысымда 40 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуына қатысты.

 Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарының көптен бері күн тәртібінде тұрған мәселесінің шешілгенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдық аумақтарды дамыту, ауылда өмір сүру сапасын арттыру қатаң бақылауда. Ол үшін бірінші кезекте жұмыссыздық мәселесінің шешілуі, халықтың табыс деңгейінің ұлғайтылуы, ауылдардың интернетпен қамтамасыз етілуі, білім беру және денсаулық сақтау деңгейлерінің арттырылуы тиіс. Сол кезде ғана біз халықтың ауылдық жерлерден көшу үрдісін тоқтата аламыз. Бұл оңай шаруа емес, алайда біз оны «Ауыл аманаты» жобасы аясында шешуге кірістік. Денсаулық - әр адамның өміріндегі басты құндылық. Дәрігерлік амбулаторияның ашылуы сапалы медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыратынына сенімдімін», - деді облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жыл ішінде облыстың 29 ауылында заманауи денсаулық сақтау нысандары салынады. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін едәуір арттырған өңірде «Фельдшер сөмкесі» жобасы іске асырылуда, ол науқасты қашықтықтан тексеруге және емдеуге мүмкіндік береді,

Ералы Тоғжанов жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауыл тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Аймақ басшысы «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жобасына қатысуға шақырып, оның мақсаттары мен міндеттерін түсіндірді. Жарқамыс ауылы тұрғындарының сауалдарына жауап бере отырып, облыс әкімі «Қарауылкелді-Жарқамыс» жолын жөндеуді жалғастыруға қолдау көрсетілетінін, онда қазіргі уақытта ұзындығы 8 шақырым учаске жаңартылатынын, ал аудан аумағында жұмыс істейтін «Қазақтүрікмұнай» мұнай өндіруші компаниясымен жұмыс істейтін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде ауылда саябақ орын тебетінін жеткізді.

Бүгін елді мекенде 200-ден астам бала спортпен шұғылдана алатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

Ералы Тоғжанов аудан орталығындағы кезекте тұрғандарға арналған 16 пәтерлі екі коммуналдық үйдің құрылысын тексерді. Мердігер «АймарСтройСервис» ЖШС ағымдағы жылдың қараша айында жұмысты аяқтауға міндетті. Одан ертерек тамыз айында Қарауылкелді ауылында 90 орындық жаңа жеке балабақша пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, облыс әкімі ауылдың дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қызметімен және 50-ден 58 шақырымға дейінгі учаскеде «Қарауылкелді-Жарқамыс» жолын жөндеу барысымен танысты. 

«Мерей и К» ЖШС мердігерлік мекемесіне жол жұмыстарының жоғары сапада жүргізілуі мен уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Өңір басшысының жұмыс сапары аудан орталығындағы жаңа 90 орындық жекеменшік балабақшаны көрумен аяқталды.