
Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Шалқар ауданына екі күндік жұмыс сапары бүгін Бершүгір ауылында аяқталды.
Естеріңізге сала кетейік, Бершүгір ауылдық округінің аумағында қиыршық тас өндіретін бірнеше зауыт жұмыс істейді. Ералы Тоғжанов өткен жылдың күзінде аталған ауылға барып, барлық жер қойнауын пайдаланушыларды елді мекендерді абаттандыру және әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі жобаларды іске асыруға тартуды тапсырды.
Бүгін облыс әкімі аталған тапсырмалардың орындалу барысын тексерді.
Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін 4 кәсіпорын тартылған, олар «Мұғалжар Нефтестрой» ЖШС, «Адал Арна Ащысай» ЖШС, «Диабаз НТ» ЖШС, «Абзал» ЖШС.

Биыл «Диабаз НТ» ЖШС саябақ құрылысының жұмыстарын аяқтайды. Бүгінгі таңда аумақ қоршалған және қоқыстардан тазартылған, балалар және спорт алаңдары орнатылуда. Жоба бойынша жаяу және велосипед жолдары, workout-алаң, балалар ойын кешендері, субұрқақ болады.
Ауылішілік жолдарға жөндеу жұмыстары белсенді қарқынмен жүргізілуде. «Адал Арна Ащысай» ЖШС ауылдың О.Отарбаев көшесіндегі жолды күрделі жөндеуге кірісті. Сонымен қатар, А.Тихонов көшесіндегі жолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысандар шілде айында пайдалануға берілмек.
«Абзал» ЖШС ағымдағы жылдың тамыз айында Бершүгір және Ақтан Баба көшелеріндегі айналма көпір мен жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтайды.

«Ырғыз Тасқұм» ЖШС жаңа оқу жылы басталғанға дейін «Балбұлақ» балабақшасын күрделі жөндеуден өткізеді.
Сапар барысында өңір басшысы ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында көтерілген негізгі мәселе округтің елді мекендерін газдандыру болды. Ералы Тоғжанов жауапты салалық басқармаға мәселені зерделеуді және ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасы аясында Бершүгір ауылында ашылған наубайхананың жұмысымен танысты. Ауыл тұрғыны Базаргүл Алпысбай жалпы сомасы 5,2 млн теңгеге жеңілдетілген несие алып, оған қажетті жабдықтар мен шикізат сатып алған. Қазіргі уақытта ол ауылдастары үшін күн сайын 350-ге дейін бөлке нан және нан өнімдерінің басқа түрлерін пісіреді. Кәсіп иесі өнімдердің ассортиментін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.
