Ақтөбе облысы Бегімбет ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Ақтөбе облысы Бегімбет ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Шалқар ауданы Бегімбет ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салтанатты түрде ашылды. Салтанатты рәсімге Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Айшуақ ауылдық округінің тұрғындары қатысты.

Өңір басшысы ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, дене шынықтыру және спортпен шұғылдану жастардың бос уақытының ажырамас бөлігі болуы тиіс екенін алға тартты.

«Облыста спортты дамыту - басым бағыттардың бірі. Спорт нысандары желісін кеңейту, спортшыларды қолдау жұмыстары жалғасады», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Ангар типті кешеннің құрылысы былтыр маусым айында басталды. 500-ге жуық бала волейбол, баскетбол, күрес залдарында спортпен шұғылдана алады.

Сонымен қатар, Шалқар ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі бірқатар әлеуметтік нысандардың қызметімен және құрылысымен танысты.

Шалқар қаласында облыс әкімі В. Н.Цеханович атындағы №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болды. Мектеп Есенкелді Батырғарин, Мейрамбек Айнағұлов, Нұрбол Қалжанов және т. б. танымал спортшылардың бірнеше буынын тәрбиеледі.

Қазіргі уақытта спорт мекемесінде 826 бала спорттың үш түрі грек-рим күресі, бокс, дзюдодан жаттығады.

Спортшылар облыс әкіміне өз жетістіктері туралы айтып, ғимаратқа қосымша құрылыс салу туралы өтініштерін жеткізді. Осыған байланысты Ералы Тоғжанов аудан басшылығына ЖСҚ әзірлеуді тапсырды.

«Жетістіктерге жету үшін күнделікті қажырлы еңбек қажет, ынта мен ақыл-ой күші қажет. Мұның бәрін мен сіздерден көремін! Сіздер - Қазақстанның болашақ чемпионысыздар, біздің міндетіміз - спортшыларға барлық жағдай жасау және жан-жақты қолдау көрсету», - деп атап өтті облыс әкімі.

Осыдан кейін екі қабатты 8 пәтерлі 3 үйдің құрылыс барысы қаралды. Жұмыстар биыл мамыр айында басталып, кестеге сәйкес жүргізілуде. «Қолғанат Құрылыс» мердігерлік компаниясы 2023 жылдың соңына дейін жаңа баспана иелеріне кілттерін табыстауды жоспарлап отыр.

Бүгінде Шалқар ауданында тұрғын үй кезегінде 600-ге жуық адам тұр.

Аудан орталығында жабық бассейні бар алғашқы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы белсенді түрде жалғасуда. Спорт нысаны биылғы жылдың қыркүйек айында халық игілігіне беріледі.

Ералы Тоғжанов барлық салынып жатқан нысандарды мерзімінен кешіктірмей беруді тапсырды.

Соңында өңір басшысы Бегімбет ауылының 3 отбасына тауарлы несие аясында ірі қара мал берді.

«Ауыл аманаты» жобасы аясындағы несиелеудің бұл түріне «Нұралы» ШҚ қолдау білдіріп келеді. Шаруа қожалығы Ақтөбе облысындағы мал бағамын деген ауыл тұрғындарына 120 бастан астам мал берді.