
Шалқар ауданына жұмыс сапарымен барған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов шаруа қожалықтарының дамуымен, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуымен танысты.
Жылтыр ауылында өңір басшысы Нағашыбай Қазиннің жеке қосалқы шаруашылығына барды. Ауыл тұрғыны - «Ауыл аманаты» жобасының қатысушысы. 5 жазғы және 2 қысқы жылыжай орнатуға несие алған. Ер адам бес жыл бұрын кәсіпкерлікті қолдау шараларының арқасында көкөніс өсірумен айналысқан. Осы уақыт ішінде ол Шалқар қаласындағы дүкендерге қияр, қызанақ және салат жапырағын қолжетімді бағамен жеткізеді. Биыл өндірісті кеңейту туралы шешім қабылданды.
«Мен алғашқылардың бірі болып «Ауыл аманаты» жобасына өтінім беріп, ақша алдым. Бес жаңа жазғы жылыжай салынды, тағы екеуінің құрылысы күтіп тұр. Жаңа жылыжайлардың жалпы ауданы 2400 шаршы метрді құрайды, тамшылатып суару әдісі қолданылады, газбен жылытылады. Жобаға дейін менде 400 шаршы метрлік жылыжай болды. Жыл сайын 8-9 тонна қияр, 2 тоннаға жуық қызанақ пен шөптер өсірілді. Жылына екі рет – шілде мен желтоқсанда егін жинаймын», - деді кәсіпкер.
Жылыжай ашылса, тұрақты жұмыс орындары құрылады.
«Бұрын өнім жинайтын кезде адамдарды жалдайтынбыз. Енді жұмыс көлемі артты. 10 мың түп құлпынай отырғыздым. Тұрақты негізде 3 адамды жұмыспен қамтимын. Көбісі жылыжай кәсібін дамытуға қызығушылық танытады, келеді, сұрайды, қоңырау шалады. Тіпті басқа ауылдардан келіп, жылыжай бизнесімен айналысу қиын ба деп сұрайды. Егер ынта-жігер болса, еңбек етсеңіз, оның үстіне «Ауыл аманаты» бар кезде - біз үшін, ауыл тұрғындары үшін өте тиімді жоба екенін толық түсіндіруге тырысып жүрмін», - деді Нағашыбай Қазин.

Шалқар ауылдық округінің әкімі Қалжан Қаржаубай «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Жылтыр ауылы - жоба басталғалы жұмыссыздық жойылған облыстағы бесінші ауыл болмақ. Мұнда барлығы 11 жұмыссыз тіркелген. Ауылдық округте жергілікті өндірілген құс етімен қамтамасыз ету 0-ден 41 пайызға дейін өсті.
Мақсат Бурхановтың көпбалалы отбасы «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлы несие алды «Нұралы» шаруа қожалығы қолдап, 10 аналық ірі қара мал берген. Бүгінде 10 малдың 10 төлі бар. Жалпы, шаруа қожалығы 120 бас ІҚМ ауыл тұрғындарына таратып берді.
Қазіргі уақытта Бурхановтар күн сайын 60-70 литр сүт өңдеу арқылы табыс табады. Отбасы басшысы жоба аясында қоғамдық монша салу үшін жеңілдетілген несие алуға ниетті, ал оның ұлы құс шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отыр.

Облыс әкімі Жылтыр ауылының тұрғындарымен де кездесу өткізді. Негізгі проблемалардың бірі - елдімекеннің құм астында қалуы.
Ералы Тоғжанов бұл мәселе бақылауда екенін атап өтті. Шөлейттенуге қарсы күреске айырықша назар аударылады.
Шалқар қаласында облыс әкімі сауын сиырларды сатып алып, «Ауыл аманаты» аясында сүтті-тауарлы ферма құруды жоспарлап отырған «Баубек» ШҚ тыныс-тіршілігімен танысты. Жоба - қазіргі уақытта «Ақтөбе» ӘКК қарауында.

Сондай-ақ, өңір басшысы Тайбек Өтегеновтің ауласында болды. Ол 20 жыл бұрын электр сымын байқамай басып қалып, 10 мың вольттық тоққа түсіп, екі қолынан айырылады. Соған қарамастан, мемлекеттік қолдау шараларына белсенді қатысып, өз үйінің ауласында кәсібін бастайды. Тауық өсіріп, одан жұмыртқасын алып, етін сатып отыр. Сонымен қатар, әр 20 күн сайын шаруашылық инкубаторларында 1000 тауық өсіруде. Бүгінде Тайбек Өтегенов облыста «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларын балапандармен қамтамасыз етеді.
«Сіз - өмірді қалай сүю керектігінің, лайықты өмір үшін қалай күресу керектігінің нақты мысалсыз. Тамаша үлгісіз», - деп атап өтті әңгіме барысында облыс әкімі.
Аудан басшылығының алдына өңір басшысы ауыл шаруашылығын дамыту, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруды жандандыру бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.