Ақтөбеде қой жүнінен жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын болашақ зауыттың іргетасына капсула салынды

Ақтөбеде қой жүнінен жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын болашақ зауыттың іргетасына капсула салынды

Ақтөбеде «KazFeltec» ЖШС болашақ тоқыма емес материалдар шығаратын зауыттың іргетасына капсула салынды.

Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «KazFeltec» ЖШС директоры Ерлан Жаңабергенов, компания қызметкерлері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімдігі, «KazFeltec»  ЖШС және технологиялары өндірісте қолданылатын итальяндық Cormatex компаниясы арасында зауыт салу және іске қосу бойынша консорциум құру туралы келісімге былтырғы жылдың күзінде қол қойылды.

Зауыт шығаратын негізгі өнім экологиялық таза жылу оқшаулағыш материалдар болады. Шикізат ретінде қатты қой жүні пайдаланылады. Қазіргі таңда қайта өңдеу кәсіпорындарының жоқтығы себепті ақтөбелік фермерлер қой жүнін өртеп жіберуге немесе қоқысқа лақтыруға мәжбүр. Алдыңғы аптада жаңа өндіріске облыс бойынша шикізат сатып алу басталды. Бұл ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзіне айналады.

«Бүгінгі күні мемлекет тарапынан халықтың табысын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бұрын-соңды болмаған, ауқымды шаралар қабылдануда. Соның дәлелі - «Ауыл аманаты» жобасы. Аталған жобаның бір бағытының өзінде, 500-ге жуық адам 18 мың қой сатып алуға ниетті.  Бүгінгі күннің өзінде облыста 1 млн. 400 мың бас қой тіркелген. Жыл сайын орта есеппен  2-2,5 мың тонна жүн өндіріледі. Бұл ретте жүнді сату мал шаруашылығындағы проблемалардың бірі. Бүгін бұл мәселе өз шешімін тапқан күн. Біз ауыл шаруашылығының барлық проблемалық мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге тырысамыз», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Өнімнің бірінші партиясын жыл соңында шығару жоспарлануда. Жаңа кәсіпорын 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар, облыс аудандарында шикізат қабылдау пункттерін ашу көзделіп отыр, бұл жергілікті халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді.

Жобаға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 5,2 млрд теңге болса, оның қуаттылығы жылына 2100 тонна дайын өнімді құрайды. Жергілікті нарықтан бөлек, өнімдер Еуропаға экспортталады деп жоспарлануда.