
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласын аралап шықты. Өңір басшысы оқушыларға орын тапшылығы сезілетін Батыс-2 шағын ауданындағы салынып жатқан білім беру нысандарына барды.
Ералы Тоғжанов Сәңкібай батыр даңғылындағы 400 орындық мектепті қайта жаңарту жұмыстарының барысымен, осы жазда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған «Білім-2» мектебінің құрылысымен танысты.
Жаңа мектеп 3500 орындық, инклюзивті білім беруге барлық жағдайлар жасалады. Сонымен қатар, 2024 жылы Батыс-2-де «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2000 орындық мектеп бой көтереді. Жаңа мектептер аталған шағын аудандағы оқушы орындарының қажеттілігін толығымен жабады деп күтілуде.
Сондай-ақ, өңір басшысы Тәуелсіздік даңғылы бойындағы автожолды қайта жаңарту, тамыз айында аяқталуы жоспарланған Әуе қорғаныс күштері әскери институты маңындағы «Ашық аспан» саябағын абаттандыруға қатысты жұмыстарды бағамдап, көгалдандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Алаң қаланың қақ ортасында орналасқан, мұнда күн сайын жүздеген ақтөбелік жиналады. Осы алаң қала тұрғындарының серуендеуіне, демалуына барынша ыңғайлы болуы керек. Отырғызылған 50 ағаш аз», - деді Ералы Тоғжанов.
Ұзындығы 550 метр Әлия Молдағұлова даңғылындағы желілік саябақты жаңарту жалғасуда. Саябақтың жалпы ауданы - үш гектарға жуық. Мұнда 30-дан астам шағын архитектуралық нысандар, әртүрлі жас топтарына арналған ойын алаңдары, автоматты суару жүйесі, жарықтандыру, орындықтар қойылады, серуендеуге арналған экотроптар орнатылады. Ағаштар, көпжылдық өсімдіктер мен гүлдерді отырғызу басталды.
Бұдан соң, аймақ басшысы «Ваниль» кондитерлік фабрикасына барды. Бүгінгі таңда 150-ден астам адам жұмыспен қамтылған, 500-ге жуық кондитерлік өнімдер шығарады, оның ішінде өндіріс орнының визит карточкасына айналған шоколадпен қапталған жент бар.
«2023 жылды Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы «Халықаралық тары жылы» деп жариялады. Тары-талқан біздің аймақтың бренді болуы керек. Әр түрлі елдерде тары өсіріледі, бірақ қуырылып, тазартылған өнім, тек бізде. Жент басқа өңірлерде, соның ішінде елордада да жоғары сұранысқа ие. Сондықтан осы өнімді көбірек өндіруге тәуекел ету керек», - деді Ералы Тоғжанов.
Облыс әкімі ұлттық нақыштағы және күнделікті киімдерді тігетін «Күңкей» сән үйіне барды.
Директор Сабина Наурзалинамен әңгімелескен ол сән үйі жанынан оқу орталығын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, бұл ұлттық киім өндірісін кеңейтіп, көпке танытуға мүмкіндік береді.