Ақтөбе облысында медицина қызметкерлері марапатталды

Ақтөбе облысында медицина қызметкерлері марапатталды

Елімізде маусымның әр үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлері күні аталып өтіледі. Ақтөбе облысында мерекеге орай салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов медицина жұртшылығын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Облыс тұрғындарының денсаулық сақтау саласы бойынша сұрақтары жергілікті құзыретті органдардың назарында, ал бұл бағыттағы атқарылып жатырған реформалар үнемі бақылауда.Облыста 14 мыңнан астам медицина қызметкерлері бар. Оның ішінде, 4500-і дәрігер және 9 523 орта буын медицина қызметкерлері. Олар өздерінің күнделікті адал, тиянақты еңбектерімен облыстың денсаулық сақтау жүйесінің дамуына, отандық медицинаның озық үрдістерінің сақталуына сүбелі үлес қосып келеді.

Коронавирустық пандемияның қиын кезеңін мамандыққа адалдық, жанқиярлығыңыздың арқасында жеңе білдік. Ерен еңбектеріңіз үшін ерекше алғыс айтамын. Біздің ортақ міндетіміз - қолжетімді, сапалы және тиімді медициналық көмекті қамтамасыз ету», - деп атап өтті өңір басшысы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, медицина ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Елеуов медицина қызметкерлеріне құттықтау сөз сөйледі. Ол әріптестеріне кәсіби даму, денсаулық сақтау саласының алдына қойылған барлық міндеттерге қол жеткізуді тіледі.

Іс-шара барысында жұмыста жоғары кәсібилігімен ерекшеленген медицина қызметкерлері марапатталды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласының 50-ге жуық қызметкері медицинаны дамытуға қосқан үлесі үшін «Еңбек ардагері» медальдарымен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің профессоры Нағашыбай Ақтайұлына «Ақтөбе облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Айта кетейік, биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында халықтың өмір сүру ұзақтығы артып, денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері жақсарды. Облыс тұрғындарына көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық қызметтердің көлемі кеңейтілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Мәселен, 2023-2025 жылдары Хромтау, Мұғалжар, Шалқар аудандарында көпбейінді ауданаралық ауруханалар ашу жоспарлануда. Ядролық медицина орталығын ашуға қатысты ауқымды жобаны іске асыру басталды.

Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жыл ішінде жалпы халық саны 20 мың адам болатын 29 ауылда заманауи денсаулық сақтау нысандары салынады. Науқасты қашықтықтан диагностикалауға және емдеуге мүмкіндік беретін «Фельдшер сөмкесі» жобасын іске асыру жалғасуда. Бұл жоба ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін едәуір арттырады.