
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қарғалы ауданында жұмыс сапарымен болып, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты.
Ащылысай «Ауыл аманаты» жобасының ауылдың экономикалық және әлеуметтік жағдайына зор үлес қоса алатындығының айқын дәлелі. Жобаның іске асырылуымен ауылда жұмыссыздық жойылды. Елді мекенде атаулы әлеуметтік көмек алушылар да жоқ. Ащылысайлықтар өсімдік шаруашылығы, құс шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жобаларды белсенді іске асыруда.
Николай Ровенский барлық ауылдастарын және жақын маңдағы ауылдарды жергілікті балмен қамтамасыз етуге ниетті. Омарта шаруашылығын ұйымдастыруға жас жігіт 2 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған.
«Өзбекстан мен Ресейден 20 ара отбасын, бал өндіруге арналған құрал-жабдықтарды сатып алдым. Қазірде алғашқы өнімдерді алып отырмын. Биыл қарызымның бір бөлігін төлеп, шаруашылығымды кеңейтсем деген ойдамын», - деп жоспарларымен бөлісті жас омарташы.
Өңір басшысы өз кезегінде ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамытатын ауыл тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бүгінгі таңда Ащылысайда «Ауыл аманаты» жобасы бойынша барлығы 16 жоба мақұлданды.
Ең ірі несие алғандардың қатарында Ирина Яцук бар. Ол отбасымен 6,8 млн теңгеге 1000 қаз, жемшөп, витаминдер, құрылыс материалдары, тоңазытқыш камерасы мен инкубатор сатып алған.
Ералы Тоғжанов кәсіп бастауда қандай проблемаларға тап болғанын сұрады. Кәсіп иесі жем алу кезінде қиынға соғатынын, тіпті Ақтөбеге дейін бару керектігін жеткізді. Бұл мәселе жедел шешімін тапты: «Степное» ЖШС қаздар фермасын қажетті азықпен қамтамасыз ететін болады.
«Негізінен, күйеу баламыз Серік көп көмегін беруде, ол қазір қаздарға арналған күрке салып, су қоймасы мен инкубатор дайындауда. Қаздарымыз 400 балапан тауып, қазіргі уақытта барлығы дерлік ауылдастарға сатылып кетті. Біз әлі сынақтан өткізіп жатырмыз, ендігіде инкубаторға көбірек көңіл бөлетін боламыз», - деді Ирина Яцук.
«Мен ісіңіздің сәтті шығатынына сенімдімін. Ақтөбе облысы құс етінің 95 пайызын сырттан сатып әкеледі. Ал бұл өз жерімізде қалдыруға болатын қаржы, оның ішінде сізге нақты пайдасы тиуі мүмкін. Бүгін сіз түгелдей ауылды қамтамасыз ете аласыз. Мен бәрі жақсы ұйымдастырылған кәсіпті көріп отырмын, тіпті бүкіл отбасы мүшелері ат салысуда. Егер ағымдағы жылы барлық жобалар сәтті іске асырылса, келесі жылы сіз «Ауыл аманаты» бойынша 27 млн теңге көлемінде қарыздың ең көп сомасын ала аласыз», - деп атап өтті өңір басшысы.
Бүгінгі таңда Қарғалы ауданынан 149 отбасы жобаға қатысуға өтінім беріп, 86 отбасының жобасы мақұлданды. Тауарлық несие беру аясында 33 отбасыға 440 бас ірі қара мен ұсақ мал, жылқы берілді. Елді мекендерде сүт, ет, көкөніс өңдейтін 16 шағын цех және 12 жылыжай салу жоспарлануда. 8 ауылдық округте 8 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Ардағым» балық шаруашылығы инкубациялық цехының жұмысымен танысты. Қожалықта бекіре және сазан балық түрлерін өсіруге арналған жалпы ауданы 600 гектарға жуық тоғандар бар. Жалпы, шаруашылық қарқынды даму үстінде, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларының арқасында жүзеге асырылып отыр. Шаруа қожалығы шабақтарды инкубациялық цехында өсіреді. Ағымдағы жылы көктемде тоғандарға 100 мың шабақ жіберіліп, күзде тағы 150 мың тұқы және 11 мың бекіре балық шабақтарын шығару жоспарлануда.