Ералы Тоғжанов: Экономика халықтың игілігіне жұмыс істеуі тиіс

Ералы Тоғжанов: Экономика халықтың игілігіне жұмыс істеуі тиіс

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Күн тәртібінде 20-дан астам өзекті мәселелер қаралып, оның ішінде 2022 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы мәселесі талқыланды.

Қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаевтың баяндамасына сәйкес, 2022 жылғы бюджет кірістер бойынша 102,1 пайызға орындалған.

2022 жылға арналған облыстық бюджеттің шығыс бөлігі 99 пайызға игерілген. Республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер әлеуметтік қамсыздандыру объектілерін салу, газ тасымалдау жүйесін, инженерлік, көліктік, әлеуметтік, индустриялық инфрақұрылымды дамыту, коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын үйін салу және реконструкциялау, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салалары қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту және басқа да көптеген маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.

«Бюджет қаражатын тиімді жұмсау – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Сондықтан мен сіздерді осы мәселені шешуге белсенді қатысуға шақырамын. Экономика халықтың игілігіне жұмыс істеуі керек. Бұл ретте, тиімді бюджеттік жоспарлаудың маңыздылығы зор. Қаржы, экономика басқармалары және басқа да уәкілетті органдар осыған баса назар аударуы тиіс», - деп атап өтті облыс әкімі бюджеттің атқарылуын талқылау барысында.

Облыстық мәслихат депутаты Қайрат Сабыр өте маңызды мәселелердің бірін қозғады.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірде онкологиялық аурулармен 8,5 мыңнан астам тұрғын есепте тұр, жаңа жағдайлардың жыл сайынғы өсуі 1800 пациентті құрайды. Осыған байланысты онкологиялық қызметтің материалдық-техникалық және кадрлық әлеуетін нығайтуға қатысты тиісті шаралар қабылдау қажеттігі туындайды.

«Қазіргі уақытта республикада 2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірленуде. М.Оспанова ат. БҚМУ медициналық орталығының ғимараты 1983 жылы салынған, бірқатар өлшемдер бойынша қазіргі заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Сол себепті, аталған ғимарат күрделі жөндеуді, медициналық жабдықтар мен коммуникацияларды жаңартуды талап етеді. Елімізде онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесін жеке бақылауыңызға алып, осы бағытта тиісті шаралар қабылдауға ықпал етуіңізді сұраймыз», - деп Қайрат Сабыр өңір басшысына жүгінді.

Депутаттық сауалға облыс әкімі аталған мәселені қатаң бақылауға алып, тиісті тапсырмалар берілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық мәслихатының бұрын қабылданған шешімдеріне өзгерістер енгізілді. Оның ішінде депутаттар ауылдық жерлерге, елді мекендерге және аудандық маңызы бар қалаларға жұмыс істеуге жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне біржолғы төлем мөлшерін ұлғайтуға дауыс берді.

Одан басқа, облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес мәслихат Ақтөбе қаласының жаңа тұрғын алаптарына және атаусыз көшелеріне ресми атау беру туралы шешім қабылдады.

Сессия барысында мәслихат тарапынан жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша іске асыратын шараларды күшейту мақсатында жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік серіктестікті дамыту мәселелері жөніндегі депутаттық топ бекітілді.