
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов үш тәулік бойы қоқыстар жанып жатқан қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонына барды.
Өңір басшысына 1500 шаршы метр аумақта қатты-тұрмыстық қалдықтардың жануы үстіміздегі жылдың 2 маусымда басталғаны баяндалды. Өрт дереу ауыздықталып, сөндірілді, қазіргі уақытта өрттің салдарын жою үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.
«Полигон 2007 жылдан бері жұмыс істейді, 2015 жылы оның аумағында ірі өрт болған, содан кейін жыл сайын өздігінен жану деректері тіркеліп келеді. Өткен жылы 15 өрт болса, биылдың өзінде 7 факт тіркелді. Сіздің тапсырмаңыз бойынша 42 гектар аумақтың бетін биіктігі 60 см топырақпен жабу жұмыстары басталады. Бұл қоқыстың жануы мен тұтануы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Қатты-тұрмыстық қалдықтар 18 гектар аумақты қамтитын жаңа полигонда қабылданады», - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айдос Хамиев.
Полигонда қазіргі уақытта 25 адам жұмыс істеуде, бульдозерлер, жүк машиналары және тиегіштер секілді 12 арнайы техника тартылды. Жанған жерлерді сумен сөндіру және топырақпен көму жұмыстары жүргізілуде.
«Барлық жұмыстар қысқа мерзімде аяқталуы тиіс. Арнайы техника мен жұмысшылар санын екі есеге көбейту керек. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады», - деп тапсырды Ералы Тоғжанов.