Мәжіліс депутаттары Ақтөбе облысында іске асырылған «Ауыл аманаты» жобасының оң тәжірибесін өзге өңірлерге үлгі етті

Мәжіліс депутаттары Ақтөбе облысында іске асырылған «Ауыл аманаты» жобасының оң тәжірибесін өзге өңірлерге үлгі етті

Бүгін Ақтөбеде ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтіп, онда еліміздегі «Ауыл аманаты» жобасының алғашқы нәтижелері мен іске асыру тәжірибесі талқыланды.

Жиынға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Комитет төрағасы Серік Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов, мәжілісмендер, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары және жобаға қатысушылар қатысты.

Басқосудың Ақтөбеде өткізілуі кездейсоқ емес. Ақтөбе облысы республикада алғашқы болып «Ауыл аманаты» жобасын қолға алып, қазіргі уақытта оны іске асыру қарқыны мен ауқымы жағынан көш бастап келеді.

«Мемлекет басшысы ұлықтау шарасында ауыл мәртебесін көтеру маңыздылығын атап өтіп, өзінің бірінші Жарлығында ауылдарды дамыту Тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған болатын. Расында, ауылдың мәселесі шешілмей, қаланың мәселесі түзелмейтіні айдан анық. Осыған байланысты, өткен жылы Ақтөбе облысында  республика аумағында алғаш рет «Ауыл аманаты» жобасы бастау алып, қарқынды жүзеге асырылуда. Біріншіден, біз соңғы 30 жылда алғаш рет скрининг жүргізіп, әр округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын әзірледік. Нәтижесінде біз әр ауылдың, ауданның экономикалық әлеуетін анықтадық, нақты мүмкіндіктерін, күшті және әлсіз жақтарын белгіледік. Әр ауылдың әлеуметтік портреті: нақты жұмыссыз адамдар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санын және әр отбасының орташа табыс мөлшерін қамтиды», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Өңір басшысы скрининг негізінде халық тұтынатын негізгі 65 тағамды өндіру мен тұтынудың нақты теңгерімі анықталғанын атап өтті. Осы деректердің негізінде бүгінгі күні «Ауыл аманаты» жобасының қатысушылары іске асыратын жобалар әзірленді. Негізгі мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дефицит өнімдердің жергілікті өндірісін ұлғайту, сондай-ақ басқа өңірлер мен елдерден көкөніс, жарма, тауық еті және т.б. сатып алуға кететін қаражатты  облыс экономикасында қалдыру.

Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының алғашқы әзірленген нұсқасынан өзгеше.

Өңірде ауылдың әл-ауқатын жақсарту мақсатында бұрын-соңды болмаған қажетті шаралар қабылданды. Жоба инфрақұрылымдық даму, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік деңгейінің сапасын арттыру жөніндегі ауқымды жобаларды қамтитын ауылдық аумақтарды дамытудың үлкен кешенді бағдарламасына айналды деп зор сеніммен айтуға болады және бұл жобалар қазірдің өзінде жоғары тиімділігін көрсетіп отыр.

Айта кетейік, жиынға дейін Астанадан келген жұмыс тобы екі күн бойы Қарғалы және Мәртөк аудандарына барып, жобаны іске асыру барысымен танысты.

Комитет төрағасы Серік Егізбаев Ақтөбенің оң тәжірибесін бүкіл ел көлемінде таратуға лайық екенін атап өтті.

«Осы екі күнде біз жобаның жоғары деңгейде жұмыс істеп тұрғанына көз жеткіздік. Президент алдымызға ауылдарды кешенді дамыту міндетін қойып отыр. Ералы Лұқпанұлы жобаға білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік мәселелерін енгізді. Бұл жобаны кешенді жүргізу өте орынды, өйткені тікелей тұрғындарға бағдарланған саясат нәтижесінде халық жобаның игілігін сезінеді. Ауыл тұрғындарының өндірісі ілгерілеп қана қоймай, жайлы өмір сүруі керек. Ақтөбе облысында қала тұрғындары ауылдық жерлерге қоныс аудара бастады. Ауқымды міндеттер нақтыланған. Барлығы осылай жұмыс істеуі керек», - деді Комитет төрағасы.

Жиын барысында жобаны іске асырудың барлық өзекті мәселелері бойынша  егжей-тегжейлі талқылаулар болды.

Облыстың ауылдық округ әкімдері мен жобаның тікелей қатысушылары өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Нақтырақ айтқанда, ара шаруашылығымен айналысуға несие алған Николай Ровенский, өндірістік ауқымда құлпынай өсіру туралы өзінің көптен бергі арманын жүзеге асырған Қанат Аманжолов, тауарлық несие түрінде 10 бас ірі қара мал алған Қызғалдақ Сапарова сөз сөйледі.

Тауарлық несиенің ерекшелігі - бюджеттің бірде-бір тиынының жұмсалмауы және қайтарым түрінің ақшалай емес, алынған төл есебінен өтелуі. Ералы Тоғжановтың бастамасымен ірі шаруа қожалықтары биыл ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал береді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі Қазыбек Әлішев жобаны одан әрі дамытуға, қатысушылар алдында тұрған кедергілерді жоюға бағытталған бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында жер бөлу, қарыздың шекті сомасын арттыру, елді мекендер скринингтерінің сапасы мәселелері бар.

«Көптеген әкімдіктер скринингтің қалай жүргізілетінін әлі күнге дейін түсінбеген. Олар бұл бағытта Ақтөбе облысының оң тәжірибесін басшылыққа алуы қажет. Сондай-ақ, өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардың 80 пайызы мал сатып алу үшін грант алған. Алайда, болашақта бұл кәсіп иелерін жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету секілді көптеген проблемаларға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты өңірде өсімдік шаруашылығы мен ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамытуға басымдық берілгені қуантады», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Жиынды қорытындылай келе, Серік Егізбаев барлық өңірлерді «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысуға шақырды.

«Сіздерді осы тәжірибені, бүгін танысқан ақпараттарды пайдалана отырып, жергілікті жерлерде үгіт-насихат жұмыстарын тез арада бастауға шақырамын. Біз баршамыз бірігіп белсенді жұмыс істеуіміз керек, сонда ғана халыққа, яки бүкіл елге бұл жобаның оң әсері тиеді. Қазір біздің мақсатымыз – Ақтөбе облысының тәжірибесін басқаларға насихаттау және тарату», - деп қорытындылады Серік Егізбаев.

Жалпы, бүгінгі күні «Ауыл аманаты» жобасының 2,5%-бен несие беру бағыты бойынша 3,0 млрд. теңгеге 3 мыңнан астам адамды қамтитын 776 отбасының жобасы мақұлданды. Қазіргі таңда 279 отбасыға тауарлық несиелеу түрінде 3587 бас мал берілді. 600-ден астам жұмыссыз ауыл тұрғындары өз кәсіптерін бастады.