Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру тетігі еліміздің басқа өңірлерінен өзгешеленеді.
«Қазіргі уақытта 2,5% жеңілдікпен несиелеу бағыты бойынша жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 776 отбасының жобалары мақұлданып, 3 мыңнан астам адам қамтылды. Сонымен бірге, Ақтөбе облысында алғаш рет республика бойынша қаржылық несиемен қатар 6 мың бас малды тауарлық несие ретінде берудеміз. Тауарлық несиенің ерекшелігі – бюджеттен бірде-бір тиын жұмсалмайды және қайтарым түрінің ақшалай емес, алынған төл есебінен өтеледі. Бүгінгі таңда 249 отбасына 3220 бас мал берілді», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жоба аясында 450-ден астам жұмыссыз ауыл тұрғындары өз істерін бастады. Қазіргі уақытта «Ауыл аманатын» іске асыруға 6,5 млрд теңге бөлінді, Үкімет тарапынан қосымша 12,5 млрд теңге бөлу мәселесінде қолдау бар.
Қаражат толық көлемде игеріледі, деп сенім білдірді облыс әкімі. Нәтижесінде, жыл соңында жобаға қатысушы ауылдардағы жұмыссыздар саны 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 39%-ға қысқарады. Отбасының орташа табысы 182 мың теңгеден 354 мың теңгеге дейін, яғни 2 есеге ұлғаяды. Жыл қорытындысы бойынша құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 3 есеге, көкөністермен 23% -ға және картоппен 20,1%-ға артады.
«Біз сондай-ақ мынадай мультипликативтік әсерлерге қол жеткіземіз: ауылдарда және жаңа бизнес субъектілерінде мүлікті тіркеу жолымен төртінші деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтамыз, айналымға 100 гектар үй маңындағы жерлерді енгіземіз, жастарды жұмыспен қамту есебінен ауылдағы қылмыс деңгейін төмендетіп, 133 толық циклді қайта өңдеу өндірісін құрамыз, нәтижесінде ауылдарда 300 жаңа жұмыс орны құрылады»,- деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына қызмет көрсету саласында түрлі кәсіп ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, шаштараз, тігін шеберханасы, автокөлік жөндеу, ветеринарлық дәріхана және т.б. Облыс басшысы қала тұрғындары да жобаға қатысуға үлкен қызығушылық танытып жатқанын алға тартты. Жоба басталғалы бері 60-тан астам отбасы немесе 250-ге жуық адам қаладан ауылдық жерге көшіп, «Қаладан – ауылға» қозғалысын бастады.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі көлемін ірі шаруашылықтар өндіреді деген пікір бар. Алайда, бүгінгі таңда өңірімізде жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріс басым. Мәселен, Байғанин ауданының 76 жастағы зейнеткер Құтым Қасенұлы бір ауланың өзінен жылына 9 тонна көкөніс алса, Ойыл ауданының тұрғыны Сапура Сағынқызы өз ауласынан 18 тонна көкөніс алуда. Олар ауылдастарының көкөністерге деген қажеттілігін 20% қамтамасыз етеді. Осындай 10-ға жуық жылыжайдың ашылуы ауылдың ғана емес, бүкіл ауданның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысында жоба аясында ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту және ауыл тұрғындарын қолайлы өмір сүру жағдайымен қамтамасыз ету үшін «бірыңғай қолдау шаралар пакеті» қабылданды.
«Бірыңғай қолдау шаралар пакеті» - бұл, біріншіден, жыл ішінде 67 ауылды мобильді интернетпен қамтамасыз ету. Нәтижесінде облыс ауыл халқының 98,5% сапалы интернетпен қамтамасыз етеміз. Екіншіден, біз ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім деңгейін теңестіру мақсатында «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын іске қостық. Конкурстық негізде іріктелген кәсіби шеберлігі жоғары 35 мұғалім 5 негізгі пән бойынша онлайн форматта оқушыларды оқытуда. Қарқынды жұмыс нәтижесінде 7 айда білім беру сапасындағы алшақтық 4,7%-ға қысқарып, қазір 10,3%-ды құрады. Осылайша бір мұғалімнің шағын жинақты ауылдық мектептерде бірнеше пәнді оқыту, ауылдарда 99 маманның тапшылығы және балаларды тасымалдау мәселелері шешілді», - деді Ералы Тоғжанов.
Ауылда медицина сапасын арттыру мақсатында «Фельдшер сөмкесі» жобасын іске асыру басталды. «Фельдшер сөмкесі» - бұл арнайы планшеттен және сегіз түрлі анализатордан тұратын инновациялық портативті медициналық жабдық. Оның көмегімен пациентке дұрыс диагноз қоюға және тасымалдаусыз қашықтықтан емдеуге болады. Бұл шалғайдағы ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктерге тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, өңіріміздегі білім және медицина саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар, ауылдарға интернет жүргізу саясатына нақты әлеуметтік мағына берді.
«Төртіншіден, «Абаттандырылған ауыл» жобасы бастау алды, оның аясында ауылдарды абаттандыру бюджет есебінен ғана емес, демеушілік қаражат есебінен де жүргізілуде. Пилоттық режимде біз 27 мыңнан астам халқы бар 12 ауылда 120 әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруға кірістік. Бүгінде жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге 6 ауылды абаттандыруға келісімге қол қойылды. «Ауыл аманаты» аясындағы тағы бір жоба – қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, жасөспірімдер қылмысын жоюға бағытталған «Қауіпсіз ауыл» жобасы. Бүгінде аймақта ішімдіктен бас тартқан 10 ауыл және соңғы 2 жылда бірде-бір қылмыс жасалмаған 10 ауыл бар. Жыл соңына дейін Ақтөбе облысында қоғам белсенділері, өңірдің кәсіпкерлері, жастардың қатысуымен өтетін іс-шаралардың нәтижесінде қауіпсіз ауылдар саны 60-қа жетеді. Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен игілігін ауыл халқының жақын арада сезінетіндігіне сенімім мол», - деп түйіндеді Ералы Тоғжанов.