Алдағы үш жылда Ақтөбе облысында апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі

Алдағы үш жылда Ақтөбе облысында апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешіледі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов мәлімдеді.

«Білім беру сапасын арттыру мақсатында биылғы жылы 4 мың оқушыға арналған 18 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде біздің облыста 5 апатты және 6 үш ауысымды мектеп бар. Бұл мәселені шешу үшін алдағы 3 жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17,5 мың орындық 20 заманауи мектеп салу жоспарлануда. Бұл біздің өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешеді», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Өңір басшысы Ақтөбе облысында тұрғындарды сапалы медициналық қызметтермен, оның ішінде ауылдық жерлерде қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданып жатқанына тоқталды.

«Осы мақсатта облыстың 3 ауданы - Хромтау, Мұғалжар және Шалқар аудандарында көпбейінді ауданаралық ауруханалар ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жыл ішінде 20 мың халқы бар 29 ауылда заманауи жабдықталған денсаулық сақтау нысандары салынады», - деді Ералы Тоғжанов.