
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың PetroChina вице-президенті, атқарушы директоры, Президенті Хуан Юнчжанмен кездесуі барысында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ дамуының өзекті мәселелері қаралды.
Құрамына CNPC өкілдері енген делегация Қазақстанға іссапары аясында аймаққа келді.
Облыс әкімі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» өңірдегі ірі жүйе құраушы кәсіпорнының үлесіне мұнай саласында өндірілетін өнімнің 60%-ы және газдың 75%-ы тиесілі екенін атап өтті.

«Компанияда және оның құрылымдық бөлімшелерінде 6500-ге жуық қызметкер, мұнай мен газды барлау, Ұңғымаларды бұрғылау және техникалық қызмет көрсету бойынша мердігерлік компанияларда 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 25 жыл ішінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» 140 млн. тонна мұнай және шамамен 80 млрд. текше метр газ өндірді, тек 2022 жылы - мұнай өндіру көлемі 2,9 млн. тоннаны, газ өндіру көлемі 4,2 млрд. текше метрді құрады.
Осы кезеңде 13 млрд АҚШ доллары сомасына инвестиция тартылды, бірқатар ірі жобалар іске асырылды, оның ішінде үшінші Жаңажол газ өңдеу зауыты, Солтүстік Трува кен орнында кешенді сорғы станциясы, №4 мұнай дайындау зауыты салынды.
Біз компанияның тұрақты қызметін қамтамасыз етуде барлық қолдау көрсетуге дайынбыз, алайда сіз халықтың мүдделерін ескере отырып жұмыс істеуіңіз керек»,- деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Өз кезегінде Хуан Юнчжан облыс әкіміне компанияның дамуына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

«Біз ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ акционерлік қоғамды дамытуға мүдделіміз. Мақсатымыз - еңбек қауіпсіздігін, мұнай мен газ өндіру көлемін қамтамасыз етуге байланысты өзекті мәселелерді шешу», - деп толықтырды Хуан Юнчжан.
Ералы Тоғжанов жедел шаралар қабылдауды талап ететін бірқатар мәселелерді айтты. Олардың қатарында Көкжиде жерасты суларының ластануына жол бермеу, өндірістегі жарақаттанудың алдын алу, инвестицияларды ұлғайту бар.
«Халықты жұмыспен қамту да компания алдында тұрған басты міндеттердің бірі болып қала береді. Бүгінде «СНПС-Ақтөбемұнайгазда» және еншілес компанияларда барлығы 12 мыңға жуық адам жұмыс істейді, сондықтан сізге әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу, сондай-ақ еңбек ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша уақытылы шаралар қабылдау қажет», - деп түйіндеді облыс әкімі.
