Ақтөбе облысында қоғамдық көліктердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Ақтөбе облысында қоғамдық көліктердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен қоғамдық көліктердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жиын өтті.

Оған мемлекеттік органдардың, полиция департаментінің басшылары, қоғамдық тасымалдаушылар қатысты.

«Қоғамдық көліктің жұмысына Ақтөбе тұрғындары орынды сын айтып келеді. Салаға жүргізілген талдау жедел шешімді қажет ететін бірқатар мәселелердің бар екендігін көрсетті. Ең бастысы, біз жолаушылардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуіміз керек», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Өңірде қоғамдық тасымалдау саласына 11 компания жұмылдырылған, 4-і – қалалық, 7-і – облысаралық компаниялар.

Күн сайын әртүрлі себептер, оның ішінде көбінесе техникалық себептермен бірнеше ондаған автобус желіге шықпайды, бұл қозғалыс аралығының ұлғаюына әкеледі. Қалта ұрлығының көбеюіне де әсер етіп отыр. Жыл басынан бері қоғамдық көлікте қылмыстың осы түрі бойынша 27 дерек тіркелген.

Облыс аумағында қоғамдық көліктің қатысуымен орын алған 2 жол-көлік оқиғасында 2 жолаушы жарақаттанған. Жол-патрульдік полиция көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғандарға қатысты 60 деректі, оның ішінде ішімдік ішіп, есірткі шегіп, мас күйде автобус жүргізушілерін анықтады.

«Бұл, рейс алдында жүргізушілерді медициналық тексерудің, Көлік құралдарын техникалық тексерудің формальды түрде жүргізілгенін көрсетеді. Әр тасымалдаушы компанияда техникалық пункттер жұмыс істеуі тиіс және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына олардың қаншалықты сәйкес келетінін бақылау керек. Рейске шығатын автобус жүргізушілерін тексеру барынша мұқият және сапалы жүзеге асырылуы тиіс. Адамдардың қауіпсіздігі бәрінен жоғары. Жалпы, барлық бағыттарға қатысты жұмысты күшейту қажет», - деп тапсырды өңір басшысы.

Автопаркті жаңарту мәселелері де – облыс әкімінің жеке бақылауында.

2022 жылы қалалық тасымалдаушылардың жылжымалы құрамын жаңарту үшін 43 бірлік жаңа автобус сатып алынды, биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында «Qala Trans» ЖШС, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және Ақтөбе облысының әкімдігі арасында қол қойылған келісім аясында Yutong маркалы сыйымдылығы жоғары 100 жаңа автобус жеткізіледі.