Ералы Тоғжанов жанар-жағармай көлемі мен бағасына мониторингті күшейтуді тапсырды

Ералы Тоғжанов жанар-жағармай көлемі мен бағасына мониторингті күшейтуді тапсырды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында жаңа жылу беру маусымына дайындық, азық-түлік тауарлары мен жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру шараларын жүзеге асыру мәселелері қаралды.

2022-2023 жылыту маусымы аяқталуға жақын. Оны өту барысында бірқатар өзекті мәселелер анықталды.

Атап айтқанда, маусым басталмай жатып кейбір білім және денсаулық сақтау нысандарында жөндеу жұмыстары аяқталмай қалған. Сондай-ақ, бірқатар ғимараттар дайындық жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмегендіктен салқын болған.

«Былтырғы жылдың желтоқсан айында облыс орталығындағы 57 бау-бақша ұжымы газ қысымының төмендеуіне байланысты мәселеге тап болды. Бұл мәселені шешу үшін нақты шараларды жүзеге асыру қажет», – деп тапсырды Ералы Тоғжанов.

Осыған орай уәкілетті басқармаларға, Ақтөбе қаласы әкімдігіне алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын мұқият әрі қатаң бақылауға алу тапсырылды.

2021 жылы көппәтерлі тұрғын үйлердің көпшілігі дайындығы туралы куәліктерді уақытылы алмаған, қысымды сынау және ішкі жылумен жабдықтау жүйелеріне профилактикалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізілмеген. Аймақ басшысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына, тұрғын үй инспекциясы бөліміне бұл мәселені ерекше бақылауға алып, төлқұжаттар мен уақытылы дайындық актілерін алу жұмыстарын бастауды тапсырды, бұл ағымдағы жылдың шілде айында ПИК-тің таратылатынын ескерсек, өзекті мәселе.

Орталықтандырылған жылу жүйесі бар елді мекендердің жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізу бойынша Жол картасы бекітілді. Оның қорытындысы бойынша жылу желілерін қайта жаңғырту жобаларын әзірлеу басталады. Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Ақтөбе қаласындағы жөндеуді қажет ететін жылу желілерінің электронды картасы жасалып, желілерді жаңарту жұмыстарын жүйелеуге мүмкіндік береді.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, биыл Ақтөбеде жаңа жылу маусымына дайындық аясында 38 қазандықты, 262,6 шақырым жылу желілерін, 14 шақырым су құбыры және кәріз желілерін жөндеу, 380 шақырымнан астам электр желілерін қайта құру жұмыстары жоспарланған. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудандардағы барлық автономды қазандықтар апаттық қуат көздерімен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ өңірді дизельдік отынмен және бензинмен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарының тапсырысы бойынша көктемгі дала жұмыстарына 9,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бұл көлем егіс науқанының қажеттілігін толығымен өтейді.

Өңір басшысы жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін аудандар мен Ақтөбе қаласы бойынша жанар-жағармайдың көлемі мен бағасына мониторингті күшейтуді тапсырды. Айта кетейік, 12 сәуірден бастап жанар-жағармайдың шекті бағасына өзгерістер енгізілгеніне қарамастан, жанар-жағармай таратушылар бұрын сатып алған бензин мен дизель отынын бұрынғы бағамен сатуға міндеттенді.

«Бұл мәселе ерекше бақылауда болуы керек. Тұрғындар арасында шекті бағамен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», - деді Ералы Тоғжанов.

Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өндірушілерге «айналмалы схема» бойынша несие беру және форвардтық келісімшарттар бойынша тұрақтандыру қорын қалыптастыру жалғасуда.

Облыс әкімі азық-түлік бағасын реттеудің тиімді шарасы нарықтағы жергілікті өнімдердің көлемін арттыру екенін атап өтті. Осыған орай, «Ауыл аманаты» жобасының сапалы жүзеге асуын қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарын жобаға тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

«Ауыл аманаты» ауылдың әлеуетін сақтау және одан әрі дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауқымды жоба болып табылады. Жобаның жүзеге асуы бойынша барлық аудан, ауылдық округ әкімдері жеке тыңдалады. Жоба жоспарланған нәтижеге қол жеткізгенше жалғасады», - деді Ералы Тоғжанов.

Күн тәртібінен тыс қаланы санитарлық тазалау, сондай-ақ Ахуалдық орталыққа келіп түскен және әлеуметтік желілерде жарияланған азаматтардың өтініштеріне мемлекеттік органдардың ден қою мәселелері қаралды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ержан Байтанаев барлық бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, өтініштерге уақытылы жауап беру керектігін атап өтті. Аймақ басшысы бұл ұсынысты қолдап, жұртшылықпен жұмыс жасау мемлекеттік органдардың тікелей міндеті екенін тілге тиек етті.