
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде профессор Константин Цхайдың 80 жылдық мерейтойына арналған Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Оған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, өңір жұртшылығының өкілдері, жас ғалымдар қатысты.
Ералы Тоғжанов мерейтой иесіне жоғары білім мен ғылымды дамытуға, өңірдегі қоғамдық және ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

«Өміріңіздің 50 жылдан астам уақытын Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетіне арнадыңыз, түрлі жауапты лауазымдарды атқардыңыз, қойылған міндеттерді абыроймен және асқан кәсібилікпен орындадыңыз.
Өңіріміздің және тұтастай алғанда еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларында табысты еңбек етіп жүрген мыңдаған түлектің ризашылығы – Сіздің көпжылдық педагогикалық қызметіңіздің нәтижесі деп білемін.
17 жыл бойы Қазақстан корейлері қауымдастығының Ақтөбе филиалын басқарып, азаматтық қоғамның дамуына баға жетпес үлес қостыңыз. Алдағы уақытта да облыс дамуына өз септігіңізді тигізетініңізге сенімдімін», - деген облыс әкімі Константин Цхайға алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.
Университет ректоры, Ғылыми кеңес төрағасы Лаура Қарабасова мерейтой иесіне Ақтөбе өңірлік университетінің «Құрметті профессоры» куәлігін табыстады.
Өз кезегінде Константин Цхай өзінің жетістіктері мен білімін жас педагогтермен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
