Ақтөбе облыстық мәслихатының бірінші сессиясы өтті

Ақтөбе облыстық мәслихатының бірінші сессиясы өтті

Бүгін сегізінші сайланған Ақтөбе облыстық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Ералы Тоғжанов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, Қоғамдық кеңес және облыстық сайлау комиссиясының мүшелері қатысты.

Сессия барысында Гүлқасима Сүйінтаева ашық дауыс беру қорытындысы бойынша облыстық мәслихаттың төрағасы болып сайланды. Ол бұған дейін 2022 жылдың қараша айынан бастап облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Жаңа төраға әріптестерінің жоғары сенімі үшін алғысын білдіріп, мәслихаттың жаңа құрамының жұмысы халықтың әлеуметтік әл-ауқатының индексін арттыруға және сайлаушылар алдында барынша ашықтыққа бағдарлануы тиіс екенін атап өтті.

«Атқарылатын жұмыстың ең басты міндеті – халық алдында борышымызды абыроймен атқару, сондықтан алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарды қолға алу керек. Сайлаушылардың депутаттарға қойылатын талаптары әрқашан жоғары. Сол себепті депутаттық корпус халықпен тығыз байланысты, ашықтығын қамтамасыз етіп, сайлаушылармен жақын болуға тиіс. Депутаттық корпус БАҚ өкілдері, қоғам белсенділерімен ынтымақтастық орнатуы керек. Маған артылған жоғары сенімді ақтау үшін барлық тәжірибемді, білімімді сала отырып, еңбек етемін», - деді өз сөзінде Гүлқасима Сүйінтаева.

Облыстық мәслихаттың 2 тұрақты комиссиясы құрылып, олардың құрамы бекітілді. Бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Нұрлан Махамбетов, әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып Айгүл Дүйсенова сайланды.

Бұдан өзге, «Аmanat», «Ауыл» және «Ақжол» партияларының депутаттық фракциялары тіркеліп, Ақтөбе облыстық мәслихатының 2023 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов депутат болу – зор жауапкершілік екенін алға тартты.

«Сайлаушылардың сенімі мен үмітін ақтау үшін Сіздерге барлық күш-жігерлеріңізді салу керек болады. Халыққа берген уәделеріңізді орындау, сайлауалды бағдарламаларыңызды жүзеге асыру қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысқандығын және де жалпы сайлау науқаны шынайы бәсеке жағдайында, ашық өткендігін атап өткен болатын. Облыстық мәслихатқа сайланған депутаттардың жаңа құрамына барлық сала өкілдері, осыған дейін бірнеше мәрте сайланған тәжірибелері мол депутаттар енді. Өкілді билік тармағына жас саясаткерлер қосылды», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отырыста ел экономикасы мен принциптеріне қатысты бірқатар шешуші қадамдарды айтқанын тілге тиек етті. Оның ішінде, кәсіпкерлікті, өндірістік саланы, инфрақұрылымды  дамытуға күш салу және де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адам капиталының сапасын барынша арттыруға, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдауға баса мән беру керек.

«Президентіміздің алдымызға қойып отырған еліміздің өсіп-өркендеу жолындағы міндеттерінің толығымен сапалы орындалуы баянды бірлігіміздің арқасында ғана болатындығы сөзсіз. Осы орайда, алдағы уақытта біз - жергілікті атқарушы орган өкілдері Сіздермен Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруда күш-жігерімізді біріктіріп, тығыз байланыста жүйелі жұмыс жасаймыз деген сенімдемін», - деп атап өтті облыс әкімі.

Өңір басшысы биылғы жылы облыста іске асырылатын ауқымды жобалар мен міндеттерге қысқаша тоқталды.

Мәселен, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру жалғасады. 770 шақырым жол жөнделеді, бұл – облыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Экономикаға инвестициялар тартуға да баса назар аударылады. Естеріңізге сала кетейік, инвестициялық форумның қорытындысы бойынша былтырғы жылдың соңында жалпы сомасы 3 трлн теңгеге ірі және маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы 12 меморандумға қол қойылды.

Облыс әкімі бұл жобалар депутаттар тарапынан қолдау табатынына сенім білдірді.