Ақтөбеде Наурыз мейрамы қарсаңында жәрмеңке өтті

Ақтөбеде Наурыз мейрамы қарсаңында жәрмеңке өтті

Наурыз мейрамы қарсаңында Ақтөбедегі «Табыс» коммуналдық базарында облыстық ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Алға, Қарғалы, Мұғалжар, Мәртөк және Қобда аудандары мен Ақтөбе қаласының 60-тан астам ауылшаруашылығы тауарын өндіруші  және қайта өңдеу кәсіпорындары ақтөбеліктерге өз өнімдерін ұсынды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, Наурыз мейрамына арналған жәрмеңкеде 2 тоннадан астам сиыр еті, 300 келідей қой еті мен 1 тоннадан аса сүт өнімдері, жұмыртқа, өсімдік майы мен басқа да өнімдер сатылымға шығарылды.

Жәрмеңке сөрелеріне шығарылған өнімдердің бағасы әдеттегідей облыс орталығында басқа базарларға қарағанда 10-15 пайызға төмен болды. Сиыр еті – 1950, қой еті 1900 теңгеден сатылды.

Сондай-ақ, бүгін «Табыс» коммуналдық базары алаңында киіз үй тігілді, Наурыз көже әзірленіп, ұлттық тағамдар жұртшылыққа ұсынылды. Жәрмеңкеге келген сатып алушылардың көңіл-күйін көтеру мақсатында Мәртөк ауданының өнерпаздары мерекелік әндер шырқап, концерттік бағдарлама ұйымдастырды.