
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбедегі қарды шығару және еріген қар суын сору жұмыстарына белсене атсалысып жүрген жұмысшылармен кездесті.
Кездесуге мамандандырылыған техниканың жүргізушілері, коммуналдық қызметтердің, тротуарларды, жолдың жиектерін тазалаумен айналысатын мердігерлік ұйымдардың қызметкерлері шақырылды.
Ералы Тоғжанов коммуналдық қызмет саласының жұмысшыларына еңбектері үшін ризашылығын білдірді
«Барша ақтөбеліктердің атынан қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Тәулік бойы, уақытқа қарамай, су тасқынының алдын алу үшін жұмыс жасап жүрсіздер. Сіздердің арқаларыңызда жылда су таситын жеке сектор тұрғындары биылғы жылы үйлеріне алаңдамай отыр. Түсіністік пен қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет. Еңбектеріңіз өлшеусіз», – деді облыс әкімі.

Одан кейін облыс орталығындағы су тасқыны кезеңінің өтуі бойынша жұмыс отырысы өтті. Өңір басшысына су тасқынының алдын алу және оның салдарын барынша азайту шаралары туралы баяндалды.
Осылайша, қалалық сүт зауыты (ГМЗ), Мәскеу, Шанхай және Құрмыштағы жеке секторлардан қар шығару, еріген қар суынан көшелерді тазарту жұмыстары жалғасуда. Бұл учаскелерде жалпы саны 152 көше бар, оның 93-інде қар толығымен шығарылды, 12 көшеде жұмыстар аяқталу сатысында.
Отырыс соңында мердігерлерге жұмысты күшейту және іс-шараларды қысқа мерзімде аяқтау тапсырылды.

Айта кетейік, Ақтөбеде 2021-2022 жылдардағы қысқы маусыммен салыстырғанда биыл қар екі есе көп мөлшерде жауды.
Қыстың үш айында да жауған қар көлемі айлық нормадан асты. Осыған байланысты қарды шығару жұмыстары әдеттегіден ерте басталды. Бүгінде қаладан барлығы 213 мың текше метр қар шығарылды. Күніне шамамен 3 мың текше метр қар полигонға тасымалданады.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға еріктілер де қосылды. Олар жалғызбасты қарт адамдарға үйлерінің аулаларынан қар шығаруға көмектесуде.
