Ақтөбелік шаруалар «Ауыл аманаты» жобасын қолдайды

Ақтөбелік шаруалар «Ауыл аманаты» жобасын қолдайды

Бүгін Ақтөбеде «Ауыл аманаты» ауқымды жобасына арналған «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» республикалық форумы өтуде.

Форум аясында облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарына ірі қара және ұсақ мал түрінде тауарлық несие беруде қолдаған шаруа қожалықтарының басшыларын алғыс хатпен марапаттады. 

Естеріңізге сала кетейік, малды тауарлық несие ретінде беру өңір басшысы Ералы Тоғжановтың бастамашылығымен жүзеге асты. Ауыл тұрғындарын қолдаудың бұл шарасы – Ақтөбе облысындағы «Ауыл аманатының» ерекше тұсы. Бүгінгі таңда 28 ірі шаруашылық 70 отбасына 165,6 млн теңге сомаға 865 бас мал берді. Бүгінгі форум аясында тағы 33 отбасы 75,8 млн теңгеге 530-дан астам мал алды.

Жобаға қатысушыларға тауарлық несие берген белсенді шаруашылықтар қатарында Ойыл ауданы Саралжын ауылынан «Нұр-Асыл» ШҚ басшысы Өмірғали Аманғали бар. Ол облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

«Біздің облыс осындай жобаны алғашқылардың бірі болып бастағанына қуаныштымын. Мен өз үлесімді қосуым керек деп шештім және үш жұмыссыз ауыл тұрғындарына 60 бас қой бердім.  Барлық ауылдастарды «ауыл аманатына» қатысуға шақырамын. Ел Президентінің, облыс әкімінің ауылдарға осындай зор қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын», - деді Өмірғали Аманғали.

Алға ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Асылзат Дәулетиярова «Санжар-Т» шаруа қожалығынан екі сиыр алған.  

«Бізде 5 бас мал алуға мүмкіндік болды, бірақ біз аздан бастайық, өз күшімізді көрейік деп шештік. Жолдасым екеуміз жобаны ұзақ зерттедік, несие алудан қорқатынбыз, бірақ тауарлық несиенің тиімділігін оқып-біліп, шешім қабылдадық. Шынын айту керек, маған телеарнадан көрсетілген, екі қолы жоқ болса, тігін тігумен айналысып жүрген Анар Бексұлтанова, тағы бір жерлесіміз, екі қолсыз Тайбек Өтегенов жігер берді. Жұмыс деген аяғымыздың астында жатыр, тек ынта, ниет болуы қажет. Егер үйің мен жұмысың болмаса, неге қалада жақсы өмір іздеу керек? Барлық ауыл тұрғындарын мемлекет ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалануға, ауылда өз шаруашылығын дамытуға шақырамын», - деді форум барысында Асылзат Дәулетиярова.

Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасын қолдауға шаруа қожалықтары ынталы. 28 шаруа қожалығы ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал беруге дайын. Тауарлық несиеге берілген мал басы төлімен қайтарылады.