
2022 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» бекітті. Тұрмыс жағдайын жақсартуды қажет ететін қазақстандықтардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Бағдарламаны іске асыру аясында Ақтөбе облысы республикада алғашқылардың бірі болып ауылдық жерлерде тұратын адамдардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға кірісті.
Жоба халықтың, әсіресе жастардың ауылдан көшуін төмендетуге септігін тигізеді деп күтілуде. Ақтөбе облысының тәжірибесі көрсеткендей, бір кездері қалаға көшіп келген адамдардың ауылға оралуына қол жеткізілді.
Серікбай Жұмағалиев – 90-жылдардың басында Ақтөбе қаласында жақсы өмір іздеуге мәжбүр болғандардың бірі. Жақында ол отбасымен бірге туған Ойыл ауданының Бестамақ ауылына қайта оралып, құс өсірумен айналысуға ниетті. Ол бүгін Ақтөбеде өтіп жатқан «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» республикалық форумында өз жоспарларымен бөлісті.
«Ауыл аманаты» жобасы туралы естіп, туыстарыммен кеңесіп, туған ауылыма қайтуға шешім қабылдадым. Мен отбасымның материалдық жағдайын жақсарту үшін көшіп келдім. Барлық құжаттарды жинап, тапсырып, құс шаруашылығына 7,6 миллион теңгеден астам қаражат алдым. Енді менің мақсатым – құс бордақылау бойынша өз бизнес-жобамды сапалы іске асыру және ауданның сауда нүктелерін өніммен қамтамасыз ету. Ауылдастарыма осы жобаға қатысуға кеңес беремін. Мен «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарына көп пайда беретініне сенемін және ауылда тұрып, жақсы ақша табуға мүмкіндік бергені үшін Президентке, облыс әкіміне алғыс айтамын», - деп атап өтті С.Жұмағалиев.
Қуатбай Асабаев былтыр Маңғыстау облысынан Мұғалжар ауданының Жұрын ауылына көшіп келген.
«Қазір ауылдың өмір сүру жағдайы бұрынғыдай емес. Өткен жылы Жұрынға газ келді, барлығы дерлік қаладағыдай. Мен мал өсіремін. Өткен жылы мемлекеттен өтеусіз грант алып, мал басын көбейттім. Қазір Жұрындағы үйімді кепілге қойып, «Ауыл аманаты» бойынша қарыз рәсімдеп жатырмын. Мен ауданды көкөністермен, картоппен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмын. Ауыл әкімдігі өзен бойынан бір гектар жер бөлді. Облыс тұрғындарына, әсіресе ауыл тұрғындарына осы мүмкіндікті пайдаланып, бар болғаны 2,5 пайызға несие алып, өз ісін бастаудан қорықпау керектігін айтқым келеді. Бұл өз өміріңді, отбасыңның өмірін жақсартудың нақты мүмкіндігі», - деді Қуатбай Асабаев.
Форум сарапшылары «Ауыл аманаты» - ауылдық жерлердегі жаңа экономикалық саясаттың негізі, ол халықтың ауылдан кетуін азайтып қана қоймай, кепілді табыс көзі бар тұрақты жұмыс орындарын құруға, ауылдық жерлердегі әлеуметтік шиеленіс деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.