
Мемлекет басшысының жаңа мерзімдегі алғашқы Жарлығына сәйкес, Ақтөбе облысында өткен жылдың соңында «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жобаға ауыл тұрғындарының қызығушылығы жоғары. Бүгін Ақтөбеде «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» жобасына арналған республикалық форум өтті.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында облыстың барлық 134 ауылдық округіне скрининг жүргізілді, алынған мәліметтер негізінде аудандарды дамытудың кешенді жоспарлары әзірленді. Негізгі мақсат – қолдау шараларының «бірыңғай пакетін» іске асыру арқылы әлеуметтік-экономикалық дамудың толыққанды жүйесін құру. Осылайша, Ақтөбе облысындағы «Ауыл аманаты» жобасы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жолымен халықтың табысын арттыруды ғана емес, білім беруді, денсаулық сақтауды, спортты дамыту жөніндегі шараларды да қамтиды. Ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге кешенді көзқарас – Ақтөбе облысындағы «Ауыл аманаты» жобасының негізгі ерекшелігі.
Мәселен, «Ауыл аманаты» аясында фельдшерлік-акушерлік пункттерді жаңғырту жобасы басталды, бұл әсіресе шалғай ауылдарға қатысты. Фельдшерлерге онлайн-диагностика жүргізу үшін инновациялық медициналық жабдықтары бар арнайы сөмкелер беріледі. Науқастар туралы барлық деректер тікелей облыс орталығына жіберіліп отырады, білікті бейінді дәрігерлер науқастың жағдайын қашықтан көруге, емдеу бойынша шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Жоба ауылдарда көрсетілетін медициналық көмектің сапасын едәуір арттыруға септігін тигізеді. Ақтөбе облысында барлығы 300-ден астам ауылдық алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандар бар, олардың 100-ге жуығы шалғай жерлерде орналасқан.
«Бұл елдімекендерде дәрігер қарастырылмаған, ауырған кезде халық ауылдық медбике көмегіне жүгінеді немесе аудандық ауруханаға барады, бұл одан сайын жағдайды ушықтыруы мүмкін. Ең ыңғайлы әдіс – заманауи мобильді диагностикалық кешен арқылы көмек көрсету. Ол науқастың жағдайы туралы нақты мәліметтер береді. Бұл ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық тексеруді ұйымдастыру кезінде таптырмас құрылғы», - деп атап өтті форум барысында Облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының аға фельдшері Гүлсезім Бекбергенқызы.

Мобильді диагностикалық кешеннің көмегімен пациент үйден шықпай-ақ сапалы, заманауи алғашқы медициналық көмек ала алады. Қан зерттеуін талдауға, электрокардиографияны жүргізуге, науқастың дене салмағының индексін, сүйек массасындағы май мен судың пайызын, температураны, жүрек соғу жиілігін білуге болады. Білікті дәрігерден телемедициналық кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.
Ауылдық мектептерде мамандардың тапшылығы және білім беру сапасын арттыру мәселелері «Ауыл аманатының» құрамдас бөлігі – «Bilim ALL» жобасының көмегімен шешіледі. Жоба аясында пәндердің бір бөлігі балаларға қашықтан оқытылады. Оқытуды Ақтөбе қаласындағы үздік мектептердің педагогтары жүргізеді. Онлайн сабақтар мектептерде жергілікті мұғалімдердің бақылауымен өткізіледі. Бұл бір мұғалімнің шағын жинақты мектепте бірнеше пәнді оқыту тәжірибесін жоюға мүмкіндік берді, сондай-ақ, шағын жинақты және қарапайым ауыл мектептеріндегі оқу сапасының жақсаруына ықпал етті. Жоба облыс орталығынан 270 шақырым жерде орналасқан Байғанин ауданы Көкбұлақ ауылының мектебінде жүзеге асты.
«Біздің мектепте 53 оқушы бар, мен оқитын 10-сыныпта барлығы төрт оқушы. Жақында біздің ауылға интернет жүргізілді және біз «Bilim ALL» жобасына қатысуға мүмкіндік алдық. Әр онлайн сабақты қызығушылықпен тыңдаймыз, оларды асыға күтеміз. Осы жобаның арқасында біз болашақта жоғары оқу орындарына түсіп, жақсы маман бола алатынымызға сенімдімін», - деп атап өтті Көкбұлақ мектебінің оқушысы Гүлдана Аяпова.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдық жерлерде дене шынықтыру мен спортты дамытуға да көп көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары облыс аудандарында 20-дан астам спорт кешені салынды. Жүзуден аға жаттықтырушы, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Еуразиялық ойындардың жүлдегері, түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы Астам Бағандықов жұмыс істейтін Байғанин балалар-жасөспірімдер спорт мектебі аталған кешеннің бірі. Жас спортшы мемлекеттің ауыл мен ауыл жастарын қолдауы болашақта жаңа спорттық жетістіктерге, жаңа жеңістерге қол жеткізетініне сенім білдірді.
«Ауылда жұмыс істеу маған қиындау болды, өйткені қалада туып-өстім. Мемлекетіміз менің табысты спортшы болу туралы арманымды жүзеге асыруға көмектесті, енді мен ауыл жастарының дамуына, жаңа есімдердің шығуына өз үлесімді қосамын. Еліміздің спорттық жетістіктері көбінесе ауылдағы спорттың даму деңгейіне байланысты. Олимпиада чемпиондары, Азия және әлем чемпиондары атанған отандастарымыздың басым көпшілігі ауылдан шыққаны ешкімге құпия емес», - деп атап өтті республикалық форумға қатысушы Астам Бағандықов.