
Мемлекет басшысының халықпен кездесу өткізу туралы Жарлығына сәйкес Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың өңір тұрғындарымен кездесуі жалғасуда.
Облыс әкімі Бадамша ауылында Қарғалы ауданының тұрғындарымен кездесті. Ералы Тоғжанов өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы хабардар етті.

Облыс әкімі ел Президенті бастамаларының арқасында қазіргі уақытта ауылды дамыту бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Шағын несиелендіруге қолжетімділікті кеңейту есебінен ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жобаны жүзеге асыру басталды. Бес жыл ішінде жобаны іске асыруға 1 трлн теңге бағыттау жоспарлануда, бұл бүкіл ел бойынша 1 млн-нан астам ауыл тұрғындарын қамтуға мүмкіндік береді.
«Біздің облыс алғашқылардың бірі болып «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға кірісті, біз барлық ауыл тұрғындарын оған белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл – сіздің әл-ауқатыңызды арттырудың, ауылды көтерудің нақты мүмкіндігі. Жоба халықтың ауылдан кетуін тоқтатуға мүмкіндік береді. «Ауыл аманатының» арқасында ауылдарға қайта оралатындар бар. Қаладан ауылға көшетіндердің барлығына жан-жақты қолдау көрсетіледі» - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, тек Қарғалы ауданында «Ауыл аманаты» жобасын іске асырылғалы бері 56 отбасы ауылдарға көшіп келген.

Қарғалы тұрғындары өңір басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Сұрақтардың көпшілігі жолдарды салу мен жөндеуге, ауылдарды газбен қамтамасыз етуге қатысты болды.
«Қазіргі уақытта біздің облыс үшін газбен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Шикізат жеткілікті, бірақ қолданыстағы желілер аймаққа қажетті көлемді тасымалдауды қамтамасыз ете алмайды. Олар қазір шамадан тыс жүктелген. Оның бір шешімі - «Бұқара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу. Бұл өте үлкен жоба, ұзындығы 162 км, жалпы құны-шамамен 43 млрд теңге. Биыл біз құрылысты бастаймыз. Онсыз біз облыс ауылдарын газдандыру мәселесін күн тәртібінен алып тастай алмаймыз», - деді Ералы Тоғжанов.
Биыл облыс бойынша 12 ауылды газдандыру жоспарланып отыр. Қарғалы ауданында жалпы ұзындығы 57,7 шақырым болатын Әлімбет ауылына газ жеткізу және кентішілік газ құбырының бұрын басталған құрылысы жалғастырылатын болады.

Сонымен қатар, биыл ауданда кентішілік жолдарды жөндеу бойынша үлкен жұмыстар атқарылады, Қос-Естек ауылына кіреберіс жол жөнделеді, «Дөң - Бадамша - Ақтөбе – Орск» облыстық маңызы бар автомобиль жолын қайта жаңарту басталады.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аудан тұрғындарын толғандыратын барлық проблемалық мәселелерді шешу жолдары мен мерзімдерін түсіндіріп, кездесу қорытындысы бойынша аудан басшылығының алдына одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша нақты міндеттер қойды.