
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және елдімекендерді газдандыру мәселелері қаралды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы жылы облыстағы ауылшаруашылығы дақылдары егілетін алқаптың көлемі 718 мың гектарды құрайды. Шаруалардың себетін тұқымдары дайын, қазір ауыл шаруашылығы техникасын дайындау жалғасуда. 9,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл өңірдің қажеттілігіне сәйкес келеді.
Облыс әкімі жеңілдетілген дизель отынын, сондай-ақ тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алуға субсидияларды уақытылы және әділ бөлуді қамтамасыз етуді тапсырды.
«Көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізу үшін барлық қажетті шаралар уақытында қабылдануы тиіс», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, облыс әкімі облыстағы елдімекендерді газдандыру бойынша барлық жобаларды мерзімінде іске асыру міндетін қойды. Биыл 9 мың тұрғыны бар 12 ауылға көгілдір отын тарту жоспарлануда. Нәтижесінде халықтың 94,4%-ы газбен қамтылады.
Газдандыру саласындағы ірі жобалардың бірі – «Бұқара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу. Бұл Ақтөбе қаласын қажетті газ көлемімен, Ойыл және Әйтеке би аудандарында екі ірі жеткізуші газ құбырын қамтамасыз ету мәселелерін шешеді.

Ақтөбедегі бау-бақша ұжымдары үшін жеке газ құбырларына қосылудың құны қымбат. Өңір басшысы уәкілетті мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарға бағаны төмендету бойынша шараларды жүзеге асырып,жедел шешім қабылдауды міндеттеді.
Күн тәртібінен тыс көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі де қаралды. Ералы Тоғжанов су басу қаупін сейілту үшін қарды уақытылы шығару, арықтарды, өзен арналарын тазарту, су айдайтын техникаларды дайындау және өзен-көлдердегі мұзды жару қажет екенін атап өтті. Барлық бағыттар бойынша жұмысты барынша күшейту тапсырылды.