
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен кеңесте өңірдің 2023 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүзеге асырудың өзекті мәселелері талқыланды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов есепті кезеңде ауылшаруашылығы, құрылыс, көлік және қоймалау секілді салаларда оң динамика сақталып, тартылған инвестициялар көлемі айтарлықтай өскенін жеткізді. Өнеркәсіптік өндірісте 0,9% төмендеу байқалады.

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Ақтөбе қаласы мен облыс аудандары әкімдерінің алдына жылдық көрсеткіштерді орындау бойынша тиісті міндеттемелер қойылуы тиіс. Оң динамиканы сақтау үшін инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Ағымдағы жылға бекітілген инвестициялар жоспары 1,1 трлн теңгеден асады. Жоспардың орындалуын қамтамасыз ету – басты міндет. Әрбір жоба нақты талдауды талап етеді»,- деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімі өңірді одан әрі дамытуда, маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруда мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытылы және сапалы жүргізудің маңызы зор екенін алға тартты. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша өз міндеттемелерін орындамаған компаниялар жосықсыз қызмет көрсетушілер тізіліміне жедел енгізіліп, осы жылғы мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысуға жіберілмеуі тиіс.
Бұдан басқа, облыстың елді мекендерінің аумағын санитарлық күтіп ұстау, тазалауды ұйымдастыру және қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласындағы қар шығару және көктемгі су тасқынына өзен арналары мен арықтарды дайындау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
