
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовпен кездесті. Тараптар өңірлік зерттеулердің өзекті мәселелерін, облыстағы проблемаларды шешуде елдің жетекші талдау орталығының әлеуетін қолдану барысын талқылады.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының басшылығы жергілікті ғылыми және сараптамалық қоғамдастықпен жүздесті. Жиында Еркін Тұқымов институттың Ақтөбе облысы бойынша өңірлік өкілін тағайындау туралы мәлімдеді. Бұл лауазымға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты Асхат Кеңесов бекітілді.
«Көбінесе жергілікті сарапшы өңірдегі жағдайдың үйлесімді сипатын жасауға мүмкіндік беретін мәселелерді біледі. ҚСЗИ тұрақты негізде далалық зерттеулер жүргізеді. Бірақ Институттың өңірде тұрақты өкілінің болуы шұғыл ақпарат алуға және талдауға мүмкіндік береді»,- деді Е.Тұқымов.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл шара – ҚСЗИ-дың Жұбанов университетімен бірлескен жоба түрінде жүзеге асырылып жатқан алғашқы тәжірибесі.